KZ
Өскемен
+2°
туман жел 1 м/с, С
488.91 532.62 5

"Тазаөскемендіктер" тосынсый дайындап жатыр

7.11.2023, 16:57 244 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығында қысқы жұмыстарға техника сайланып жатыр. Қала әкімі Жақсылық Омар «Таза Өскеменнің» дайындығын тексерді.

Кәсіпорын аумағында қазір 110 техника сақадай сай тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Ал штатта 60 жүргізуші, 55 механизатор бар. «Таза Өскемен» кәсіпорнының директоры Асхат Тәженов мамандардың қатарын әлі де толықтыруды көздеп отыр. Тағы 6 жүргізуші және 5 механизатор қажет көрінеді.

«Ең бастысы – мамандардың қатарын толықтыру. Одан кейін жанар-жағармайды жеткілікті етіп алған жөн, қыс ішінде тапшылық болып техника тоқтап қалмауы тиіс. Қар түсе қалғанда, көшелерді бірден тап-тұнақтай етіп тазалап алсаңыздар, одан ары жеңіл болады», - деп ескертті қала әкімі.

Естеріңізде болса, өткен жылы кәсіпорын техникасы 10 «барыс-көлікпен» толыққан. Биыл, желтоқсан айының соңына қарай, тағы сондай 5 көлік жеткізіледі. Мұнан өзге қосымша құрал-жабдықтар да сатып алынады.

Қала әкімінің айтуынша, қар қалың түскенде шағын аудандардың жолын ашу үшін қосымша 9 мердігер ұйыммен келісімшарт жасалған.

«Қар басып қалатын кездер болады. Сол кезде бір «Таза Өскемен» үлгермей қалады. Сондықтан шағын аудандарға қосымша бір-бір мердігер ұйым бекіткен жөн», - деді Жақсылық Омар.

Биыл «тазаөскемендіктер» де табиғатқа тосынсый дайындап жатқан көрінеді. Ең қауіпті деген учаскелерге тұз бен су аралас ерітінді себіледі. Бұл туралы кәсіпорын директоры Асхат Тәженов айтты.

«23% ерітінді дегеніміз – рұқсат етілген норма. Мұны экология департаментінің өкілдері тексеріп мақұлдады. Жалпы бұл Астана мен Алматыда да, еуропа елдерінде де бар тәжірибе», - деді А.Тәженов.

Сондай-ақ әрбір техника GPS навигаторларымен жабдықталған, яғни басшылық қызметкерлерді бақылап отырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив