ШҚО-да қазақ тілін насихаттайтын байқау өтті
Облыс орталығында өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін насихаттау мақсатында «Тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғым» атты байқау өтті. Байқауға Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Ұлан, Шемонаиха, Глубокое аудандарынан келген үміткерлер қатысты.
Тілдерді оқыту орталығы тыңдаушыларының арасында өткен байқауға облыстың 2 қаласы мен 4 ауданынан келген қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысып, «Сөз анасы – сәлем», «Ақын – ұлттың жүрегі», «Білім – ырыстың тізгіні», «Сұрақ бізден, жауап сізден» атты 4 кезең бойынша сайысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазақ тілін жеттік меңгерген өзге ұлт өкілдері қазақша ән шырқап, өлең оқыды. Білімі мен білігін сынға салды. Өз өнерлерін көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Ұлан ауданынан келген Батырханова Кристина иеленді. Жүлделі 1 орынды Алтай ауданынан келген Дарья Передерина жеңіп алса, 2 орынды Глубокое ауданынан келген Сюзанна Угрюмова еншіледі. Ал 3 орынды Риддер қаласынан келген Анна Ельсукова қанжығалап қайтты. Жеңімпаздарға марапаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.