KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 4 м/с, В
488.26 530.54 5.03

Серпін: оңтүстіктің жастары шығысқа келіп оқып жатыр

Фото: автордікі

28.12.2023, 21:50 124

Еліміздегі жастарды жұмыспен қамту үшін осыдан он жыл бұрын оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» бағдарламасы басталған болатын.

Осы бағдарламаға қатысып отырған Өскемендегі С. Аманжолов атындағы ШҚУ оңтүстік өңірлерден келген студенттерді биыл оныншы рет қабылдады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Түлектер таңдауы – Шығыс Қазақстан

 

Бағдарлама мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

«Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды.

Қазіргі күні ШҚУ-да оңтүстік өңірлерден келген 452 студент бакалавриат бойынша білім алуда. Негізінен, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау облыстарынан келген жастар.

Жастар үшін оқу, жұмыс пен болашақты ұштастыратын, жұмыс күшін қажет ететін аймақтарда жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастыратын бағдарламаның түлектердің жұмысқа орналасуына тигізіп отырған пайдасы көп дейді ШҚУ басшылығы. Мысалы, 2021 жылы «Серпін» бағдарламасымен осы оқу орнын бітіргендер 100% жұмысқа тұрған, олардың 95%-ы облыс аумағында жұмысқа тұрған немесе осы университетте оқуларын жалғастырған көрінеді. 2022 жылы да серпіндіктер 100% жұмысқа тұрған болса, олардың 87%-ы Шығыстағы жұмыс орындарына жұмысқа тұрған немесе облыста қалып, оқуларын әрі қарай жалғастырған. 2023 жылғы жұмысқа орналасу көрсеткіші де – 100%, соның ішінде бағдарлама бойынша бітіргендердің 85%-ы Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа тұрған немесе облыста оқуларын әрі қарай жалғастырған.

Ресми түрде «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама бойынша ШҚУ-ды бітірген оңтүстіктік жастар қазір облыстың қалалары мен аудандарында, университеттің өзінде еңбек етіп жатыр. Ұстаздық жолды таңдаған түлектер облыс орталығындағы №15, №18, №20, №46, №1, №27 мектептерде, сондай-ақ Винное, Кокжайық ауылдарындағы мектептерде жұмыс істеп жатса, жиырма түлек университетте оқытушылық қызметте жүр.

Бүгінде «Серпін» бағдарламасымен ШҚУ-ды бітірген Бақдаулет Анас – аталған оқу орнының докторанты, университетте тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі бөлімнің маманы болып жұмыс істеп жүр. Марлен Әбубәкір – ШҚУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі бөлімі басшысының орынбасары. Дидар Сейітжан – оқу орнының экология және география кафедрасының лекторы. Мұхтархан Жақан – магистрант, Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогы. Аружан Рахматулла – Ұлан ауданындағы Гагарин орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі. Әлиасқар Батырбек – Ахмер кентіндегі әскери бөлімде қызметте.

 

Аружан – Қызылорданың қызы

 

2019 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа түскен Аружан Рахматулла қазір Ұлан ауданының Гагарин ауылындағы орта мектепте мамандығы бойынша еңбек етіп жатыр. Мамандығы – ағылшын тілінің мұғалімі. Аружан – Қызылорданың қызы. Ата-анасы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұрады. Осыдан 21 жыл бұрын оңтүстіктегі кішкентай ғана Қыркеңсе елді мекенінде дүниеге келген Аружан арман қуып, білім іздеп, Өскемендегі С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға грантқа түсіп,  Шығыс Қазақстанға келді.

Әне-міне дегенше төрт жыл да зулап өте шығыпты.

– «Серпін» бағдарламасы – еліміздің жастарды қолдау бағытындағы үлкен жетістігі. Бағдарламаның оңтүстіктегі жұмыссыздар санын азайтуға айтарлықтай септігі тиіп жатыр. Осы  2023 жылы ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша оқуды аяқтап, диплом алып шықтым. Қазіргі уақытта Ұлан ауданындағы Гагарин орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеймін және осында тұрамын. «Серпін» – өзіміз сияқты жастарға өте қолайлы бағдарлама. Өзіммен бірге оңтүстік облыстардан келіп, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен студенттер ең бірінші кезекте түгелдей 100 пайыз жатақханамен қамтылдық. Төрт жыл 9 қабатты №3 жатақханада тұрдым. Жағдайы жақсы, бағасы да студенттердің қалтасы көтерерліктей. Ай сайын шәкіртақы уақытылы түсіп отырды. Онымен қоса қыста және жазда жолақы бөлінетін. Оқуға түскеннен бері оқу жағынан да, тұратын жатақхана жағынан да ешқандай қиындық болған жоқ, – дейді Аружан.


Аружан биыл ШҚУ-ды бітіре салысымен Гагарин ауылындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастаған. Биыл ол дипломмен бірге қолына неке туралы куәлігін де алған. Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Ошақты ауылының келіні. Аружанның жолдасы Ислам Кәрім да – «Серпін» бағдарламасы бойынша Өскеменде оқыған жастардың бірі. Қазір жас отбасы Азовое ауылында тұрып жатыр. Ислам – Азовое мектебінде география пәнінің мұғалімі. Жас отбасы алдыңғы жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Азовое ауылынан үй сатып алған.  

–    Шүкір үйіміз бар, жұмысымыз бар. Үйді 4600000 теңгеге сатып алдық. Айына 25000 теңгеден пайызсыз, 15 жылға бөліп төлеп жатырмыз. Өзім ауылда туған соң ауылда тұру қатты қиындық тудырып жатқан жоқ. Шығыстың суығы демесеңіз. Әйткенмен, бұл жақтың ауылы біздің жақтағы ауылдарымен салыстырғанда басқашалау екен. Ауыл өте кішкентай, адам да аз әрі суық. Ата-анама жазда барып келдім. Алла қаласа енді келер жазда барамыз. Жалпы, шығыс пен оңтүстіктің айырмашылығы өте көп. Оңтүстікте күні-түні тіршілігің бір тоқтамайды. Ал мұнда барлығы түнгі 10-ға дейін ғана. Айырмашылықтар басында келгенде қатты білінетін, бірақ қазір үйреніп кеттік. Ауылдың адамдары, ұжымым, барлығы жақсы қарсы алды, білмегенімді үйретіп, барлығын түсіндіреді. Мен жұмыс істеп жатқан Гагарин ауылы мен өзіміз тұрып жатқан Азовое ауылының екі ортасы аса қашық емес. Мектепке жолдасым көлігімен әкеліп тастайды, – дейді Аружан.


2019 жылы Аружанмен бірге «Серпін» бағдарламасы аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға математика-информатика мамандығы бойынша студент болып қабылданған Мұхтархан Жақан қазір Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде педагог-ұйымдастырушы, куратор болып жұмыс істеп жатыр. Мұхтархан Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Жылға ауылынан келген.

– Анам ауыл мектебінің кітапханасында істейді. Үйдің жалғыз ұлы болғандықтан шығар, бастапқыда үйдегілер мені Шығысқа жібергісі келмеді. Қазір міне, оқуымды бітіріп, осы қаладан жұмыс орнын тауып, әрі қарай магистратураға түсіп, білім алып жатырмын. Қалада «Серпін» бағдарламасымен бірге оқыған балалармен пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Биыл ипотекаға баспана алсам деген арман-тілегім бар. Баспана алып, басымды құрап, анамның үмітін, елімнің сенімін ақтасам деймін, – дейді сарыағаштық Мұхтархан.


Білім іздеп, жұмыс іздеп Шығысқа Оңтүстіктен келген ынталы да икемді, ибалы жастар осылайша жер-жерде еңбек етіп, қаракөздеріміздің қатарын молайтып, аймағымызда екі өңірдің ең жақсы дәстүрінен, менталитетінен құралған қоғамдық орта қалыптастыруда.

Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив