ШҚО әкімі Жаңа жыл түні энергетиктерді құттықтады
Жаңа 2024 жылды ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Өскеменнің орталық алаңында қала тұрғындарымен және қонақтарымен бірге қарсы алды.
Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында аймақ басшысы қаланың сол жағалауындағы №2 қазандыққа, ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Меновное ауылындағы қазандыққа барды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ермек Көшербаев бұл стратегиялық нысандардағы энергетиктердің еңбегі біздің күнделікті өмірімізде ерекше маңызды екенін атап өтті. Тәулік бойы жұмыс істейтін мамандардың күш-жігері арқасында үйлерде, әлеуметтік мекемелерде және кәсіпорындарда жылу бар. ШҚО әкімінің айтуынша, биыл №2 қазандықты кеңейту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Бұл оның қуатын қосымша 100 Г\кал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қалада жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жалғасатын болады. Жақын арада Өскеменге ЖЭО-2 салу жөніндегі келісім аясында "Самұрық-Энерго" және "Интер РАО" мамандары келеді.
Облыс әкімі қазандық жұмыскерлерін Жаңа жылмен құттықтады. Қазандықтардың сенімді жұмыс істеп тұруы өңірдегі жылу энергетиктерінің еңбегі екенін атап өтіп, олардың қажырлы еңбегі мен Өскемен тұрғындарының қауіпсіздігін, жайлылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосып жатқан үлесі үшін алғысын білдірді.