Өскемендегі Шнайдер көпірі қашан ашылады?
Облыс отралығындағы Шнайдер көпірінде көлік қозғалысы сәуір айында қайта жанданады. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Altyanews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Кіші Айналма жол аймағындағы Үлбі өзені арқылы өтетін көпірдің тірегінен ақау шығып, көлік қозғалысы тоқтатылған еді. Мамандар сараптама жасап Шнайдер көпірінің төрт тірегі де апатты екеніне көз жеткізген.
Жақында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар көпір жөнделіп жатқанын мәлімдеді.
«Көпірдің, жолдың ашылуын тұрғындар асыға күтіп жүр деуге болады. Әсіресе, Гавань ауданының тұрғындары. Жұмыс кестесі жасалды. Мердігер сәуір айына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтайды деп үміттенеміз», - деді қала әкімі.
Мердігер компания көктемде, Үлбі өзені көтерілгенге дейін, жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр.