Республикалық олимпиада жеңімпазы Күршімге дәрігер болып келсем дейді
№3 Күршім гимназиясының 11 сынып оқушысы Арман Бағданов ауыл мектептерінің оқушыларына арналған I республикалық олимпиадаға биология пәні бойынша қатысып, бірінші орынды жеңіп алып қана қоймай, жоғары оқу орны грантына ие болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
15-18 қаңтар күндері облыс оқушылары Астана қаласында өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған I республикалық олимпиадаға жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша қатысып, жалпыкомандалық есепте «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болып қайтқан.
Көпбалалы отбасынан шыққан Арманның асыл арманы – дәрігер болу.
– Өзім Марқакөл ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келгенмін. Күш – білімде болса, білім – кітапта деп білемін. Бала кезімнен көркем әдеби және ғылыми кітаптарды оқуды ұнатамын. Биыл Семейдегі медициналық университетке құжаттарымды тапсырамын. Бойымдағы күш-жігерімді, білімімді еліміздің медицина салысын өркендетуге арнауға шешім қабылдадым. Туған жерім Күршімге, ауылыма дәрігер болып оралсам деймін, – дейді Арман.
Арманның ата-анасы Назым мен Ербол Бағдановтар тұңғыштарының бұл таңдауын қоштап отыр.
Ауыл баласының олимпиада жеңімпазы атануына бастауыш сынып мұғалімі Дәметкен Париолдинаның, сынып жетекшісі Алтын Құсманованың, пән мұғалімі Роза Смағұлованың, мектеп директоры Жасұлан Нұримановтың, білім беріп жатқан барлық ұстаздарының еңбегі өлшеусіз.
Жанаргүл Мұқатай