Қазақстанда полицейлер кезектен тыс аттестациядан өтеді
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы ұсынысты қолдады.
Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
"Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек", – деді Президент.
Алқа отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.
"Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. "Бармақ басты, көз қысты" болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды", – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.
"Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет", – деді Президент.
Оқи отырыңыз