Америкалықтар асырап алған Салтанат 20 жылдан соң Өскемендегі балалар үйіне оралды
Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйінде бүгінде 36 бала тәрбиеленіп жатыр. Былтыр мұнда 70-тен астам бала болған. Бірнешеуіне ата-ана табылып, асырап алуға берілсе, енді біреулері өзге балалар үйіне ауыстырылған, кейбірі қайтадан өз ата-аналарына қайтарылған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Мұнда ата-аналық құқығынан айрылғандардың балалары және туа салысымен перзентханада аналары бас тартқандар, әке-шешелерінен айырылған тұл жетім балалар тәрбиеленіп жатыр. Олар туғаннан бастап 4 жасқа дейін осы балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін облыстағы басқа балалар мекемелеріне ауыстырылады.
Есіктен бас сұққан жанның бәріне жаутаңдай қарайтын, алдыңнан жүгіріп шығатын бұл сәбилердің тағдыры сан түрлі. Бұрнағы жылы қыстыкүні жылу трассасының бойынан табылған сәби де осы үйде тәрбиеленіп жатыр.
2002 жылы жеті айлығында америкалық отбасы асырап алған Салтанат өткен жазда Өскемендегі өзі тәрбиеленген осы балалар үйін мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан іздеп келіпті. Америкалық анасы Трейсимен бірге келген Салтанат-Ребекка ұшақ қалаға қонысымен бірден балалар үйіне қарай ұшқан екен. Мұндағы тәрбиешілері де Салтанатты ерекше толқи қарсы алыпты. Салтанат пен оның америкалық анасының сонау Америкадан балалар үйіндегі балаларға алып келген қорап-қорап базарлығын көргенде қуанбаған сәби, көзіне жас алмаған жан қалмады.
Өзі өмірге келген Өскеменді, өзін баққан тәрбиешілерді көріп, сарғайған сағынышын басқан Салтанатқа Өскеменде тұратын бауырларымен де кездесудің сәті түскен.
Жанаргүл Мұқатай