KZ
Өскемен
-8°
переменная облачность жел 10 м/с, З
527.58 546.15 5.29

Орталық бассейндегі жарысқа 100-ге тарта спортшы қатысты - ШҚО

Фото: Анна Степанина
Фото: Анна Степанина
9.02.2024, 17:27 631 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде суда жүзуден еліміздің мемлекеттік және саяси қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған жарыс ұйымдастырылды. 

Бұл жолғы бәсеке облыстық су спорты түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері арасында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарысқа 100-ге тарта жас спортшы қатысты. Бұл туралы турнирдің бас төрешісі Кирилл Шмурыгиннен білдік.

– Бүгінгі іс-шараны мектебіміздің ішкі біріншілігі деп те айтуға болады. Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай төрт санатқа бөлініп, өнер көрсетуде. Турнир бағдарламасына екі түрлі сайыс енді, ол – 50 метрге баттерфляй әдісімен және 50 метрге кроль әдісімен жүзу. Біріншілікке ұлдар да, қыздар да қатысып жатыр, – деді К.Шмурыгин.

Оның айтуынша, турнирде түрлі жарыстарға қатысып, біраз тәжірибе жинап үлгергендермен бірге, үлкен спортқа енді ғана қадам басқан балақайлар да өнер көрсетті. Мәселен, 12 жастағы Ералы Замекеннің бұл спортқа ден қойғанына алты жылдың жүзі болыпты.

– Маған жүзу спорты ерекше ұнайды. Өйткені суда өзімді көк аспанда қалықтаған құстай еркін сезінемін. Болашағымды осы спорт түрімен байланыстырғым келеді. Халықаралық аренада ел намысын асқақтататын кәсіпқой спортшы болуды армандаймын. Ол үшін көп еңбектену қажет екенін де білемін. Ал бүгінгі жарыста барымды салып, жүлделі орыннан көрінуге тырысамын, – дейді талапты жас.

Айта кетейік, бұл ақпан айында Өскеменде суда жүзуден өтетін соңғы жарыс емес. Келесі аптада дәл осы Орталық бассейн ғимаратында облыс чемпионаты да өтеді деп жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу