KZ
Өскемен
снег жел 8 м/с, ОБ
527.58 546.15 5.29

Риддерде жарылған су құбыры жөнделіп жатыр

13.02.2024, 16:38 206 Оразай Жеңісұлы

Риддер қаласында бірнеше күн бұрын жарылған су құбырлары жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетсек, 10 ақпан күні таңғы сағат тоғыз шамасында Советская көшесінде құбыр жарылған болатын. Соның салдарынан Полярная, Советская, Нұрсейітов көшелері мен Полярный тұйық көшесіндегі тұрғын үйлерге – барлығы 31 абонентке су беру тоқтатылды.

Келесі күні мамандар жөндеу жұмыстарына кірісті. Қала әкімі Дәулет Батырбаев сағат 16.00-18.50 аралығында тұрғын үйлерге жеке-жеке су жеткізілгенін мәлімдеді.

Топырақ жамылғысы қатты болғандықтан, құбырдың қай тұсы жарылғанын дөп басып табу қиынға соғып жатқан көрінеді. Риддердің таулы аймақта орналасқанын да ескерген жөн.

Дәл қазір сегіз адамнан құралған бригада жұмыс істеп жатыр. Облыстық энергетика, құрылыс және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың мәліметінше, жөндеу жұмыстарына екі экскаватор, бір гидромолот және тағы екі арнайы техника жұмылдырылған.

Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, аталған мекенжайларға бірден ауыз су беріледі.

Аталмыш мәселе қала әкімдігі мен облыстық ТҮКШ басқармасының тұрақты бақылауына алынған.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу