Абай облысында 6 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр
pixabay.com
Әсіресе Семейде балабақшаға сұраныс көп.
Облыста 2027 жылға дейін 9 балабақша салынады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
9 балабақшаның бесеуі Семей қаласында бой көтермек. Өйткені Семейде 4 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Әсіресе Қарағайлы, Шығыс, Восход ықшам аудандары мен Бобровка ауылында сұраныс жоғары. Мәселен, 8 мыңнан астам тұрғыны Қарағайлы ықшам ауданында 320 орындық жалғыз ғана балабақша бар.
Сондай-ақ, Үржар ауданы Ақжар ауылының тұрғындарын да балабақша мәселесі мазалайды. Халық саны екі мыңнан асатын елді мекенде жеке балабақша жоқ. Алпысқа жуық бүлдіршін оқушылармен қыстырылысып оқуға мәжбүр. Өйткені мектеп 384 орынға арналғанымен қазір мұнда 500-ге тарта оқушы білім алуда. Осыған орай өңірдің үш ауылында 380 орындық мектепке дейінгі білім беру нысанын тұрғызу жоспарланып отыр.