Самар ауданының шалғай ауылында интернет іске қосылды
Самар ауданының шалғайдағы Жұмба ауылында 200-ге жуық адам тұрады. Жуықта мұнда FWA-радио көпірі технологиясы арқылы интернет қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінде айтылғандай, әзірге үш үй қосылған, тағы 20 отбасы өтініш берген.
Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындарда ұялы байланыс та, интернет те болмаған. Қазір деректерді жүктеудің орташа жылдамдығы кемінде 15 Мбит/с құрайды.
Шалғайдағы ауылдарды интернетке қосу ҚР цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі іске қосқан, Шығыс Қазақстан облысының 250 адамнан кем 56 елді мекенінде халықты интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасының арқасында мүмкін болды.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап «Шығыстелеком» ЖШС осы жұмыстарды орындауға лицензия алған болатын.
Айжанат Бақытқызы