Мектепке шабуыл жасалатыны туралы жалған хабар тараған
pixabay.com
18 сәуірде Telegram мессенджерінде Астана қаласындағы мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы видеолар, хабарламалар тараған.
Терроризм туралы жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескертті тәртіп сақшылары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тексеру нәтижесінде анықталғандай, бұған дейін Ресей Федерациясының бірқатар өңірінде осындай хабарламалар таралған. Telegram-да жарияланған видео жалған және 2024 жылдың 31 қаңтарында Ресей Федерациясының Калуга қаласында тараған.
Одан өзге, Атырау облысында 9-сынып оқушысына қатысты тергеу жүріп жатыр. Жасөспірім анонимді Telegram-арна құрып, онда 21 сәуір күні Индер ауданындағы мектептерде террористік акті жасалатыны туралы хабарлама жариялаған. Жазбамен бірге интернеттен жүктеп алған қарудың суретін салған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпан айында Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанай қалаларында осындай хабарламалар тараған болатын.
Айта кеткен жөн, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.