ШҚО-да көпбалалы 156 отбасы баспанамен қамтылмақ
Осы айдың соңына қарай өңірде 16,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жыл қорытындысы бойынша облыстағы тұрғын үйдің жалпы көлемі 307,7 шаршы метрді құрайды. Өңір басшысы мамандарға барлық қажетті инфрақұрылымы бар учаскелерді талдауды және оларға коммуникация жүргізу үшін перспективалы аудандарға арналған бюджет шығындарын есептеуді тапсырды.
- Бізде тұрғын үйге мұқтаж 156 көп балалы және аз қамтылған отбасы тұрады. Халықтың осы санаты үшін төрт түрлі үй жобасын дайындап, осы жобаларды іске асыруға дайын құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізу қажет. Біз 30 тамызға қарай тұрғын үй құрылысының барлық түрлері бойынша нақты деректер мен сандарды айтатын боламыз. Оған коммерциялық, жалға берілетін, бюджеттік және жеке, сондай - ақ "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы бойынша салынған үйлер кіреді, - деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.