Өскеменде 150-ден астам жаңа үй салынады
Облыс орталығына қарасты 28-ші шағын ауданда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің бір бөлігі қоныстануға дайын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жаңа салынған үйлердің ауласы 10 соттық, ал көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Барлығы электр және сумен жабдықтауға қосылған. Сондай-ақ заманауи, ұзақ жанатын қазандық орнатылған.
Қазіргі уақытта бұл жердегі 54 пайдалануға беріліп қойған, тағы 43 үй жақын арада берілетін болады.
- Үйлердің барлығы бір типте, газаблоктан салынған. Қоршаулары да бірдей болады. Келесі кезең – екі пәтерлі үйлерді қоныстануға дайындау. Қазір 16 үй дайын, - деп атап өтті Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тәнекенов.
Айта кету керек, шағын ауданда инфрақұрылым белсенді даму үстінде. Жолдары асфальтталған, балалар алаңы мен футбол алаңдары да орнатылған. Қазір қоғамдық көлік мәселесі қарастырылу үстінде.
- Мұндағы 1002 учаскені пайдалануға беру жоспарда болған. 800-ге жуық азамат кезекке тұрды. Енді олар 3 жыл ішінде үй салуға міндетті. Егер жер учаскелері пайдаланылмайтын болса қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылады, - деп түсіндірді қала әкімі Жақсылық Омар.