2018 жылдан бері назардан тыс қалған ауыл: Ново-Троицкое тұрғындары қала әкімімен кездесті
Өскеменге іргелес орналасқан Ново-Троицкое ауылының тұрғындары жылдар бойы қордаланған мәселелердің шешімін күтіп отыр. Ауылға соңғы рет қала әкімі 2018 жылы келген екен. Сол уақыттан бері жергілікті халық инфрақұрылымның нашарлығы, қоқыс, қоғамдық көлік пен жайылым тапшылығы сияқты проблемалармен жалғыз күресуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жуықта тағайындалған қала әкімі Алмат Ақышов ауылға барып, тұрғындармен кездесті. Жергілікті халық ауылдың экологиялық ахуалына алаңдайтынын жеткізді. Ауылда заңды қоқыс полигоны болмағандықтан, тұрғындар жылдар бойы өз бетінше қалдықтарды төгетін орын жасап алған. Бұл ауаны ластап, санитарлық жағдайды ушықтырып отыр.
Қазір ауылда 250-ден астам адам тұрады. Ауылдағы тоғыз жылдық мектепте 48 оқушы білім алады. Алайда мектеп жанында спорт алаңы жоқ. Мектеп директоры Ақылбек Құсайынов балалар үшін футбол алаңы салынса деген өтінішін білдірді.
Ауылдағы жолдардың жай-күйі де тұрғындарды алаңдатады. Өткен жылы негізгі жолдарға асфальт төселсе, ауыл ішіндегі көшелер әлі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, автобус қатынасының жоқтығы халыққа қиындық тудырып отыр.
Қалаға жету үшін такси жалдауға тура келеді, ал оның бағасы 10 000 теңгеге дейін барады. Өз кезегінде Алмат Талғатұлы бұл мәселенің жақын арада шешілетінін айтып, ауылға автобус жүргізу жоспарда бар екенін жеткізді.
Бұрын мал шаруашылығымен айналысқан ауылда бүгінде мал басы күрт азайған. Себебі жайылымдық және шабындық жерлер түгел жекеменшікке өтіп кеткен.
Дегенмен, ауылды дамытуға мүмкіндік бар. Ново-Троицкое табиғатының әсемдігі мен орналасқан орны туризмді өркендетуге қолайлы. Қала әкімі Алмат Ақышов бұл бағытта жұмыс істеу керектігін атап өтті. Кездесу соңында ауылдың байырғы тұрғыны Жаңыл апа әкімге ақ батасын беріп, ауылдың дамуына шынайы көңіл бөлуді өтінді.
Қала әкімі кейбір мәселелер биылдан қалмай шешілетінін, қалғаны келесі жылдарға жоспарланғанын айтты.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Евгений Щетников