KZ
Өскемен
-15°
туман Штиль
502.47 525.83 5.68

Өскемендіктер Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегерлерін қарсы алды

Бүгін, 14:00 81 Төлеуғазы Жансая

Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Корея командасын 3:0 есебімен жеңіп, күміс медаль иеленген болатын. Бүгін Өскемен әуежайында жанкүйерлер еліміздің құрамасында өнер көрсеткен жергілікті спортшыларды гүл шоқтарымен құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

22 адамнан тұратын Қазақстан құрамасының сапында Шығыс Қазақстан шайбалы хоккей мектебінің 11 тәрбиеленушісі ойнады. Жеңіс туын желбіретіп қайтқан «Торпедо» хоккей клубының мүшелері – София Зубкова, Полина Яковлева, Полина Говтва, Катрин Мескини, Мунира Саяхатқызы, Дильназ Саяхатқызы, Златоцвета Феоктистова жанкүйерлерімен кездесіп, чемпионаттан алған әсерлерімен бөлісті.

Спортшылардың жаттықтырушылары Мария Федоренко мен Дарья Дмитриева шәкірттерінің 8-9 жасынан бері шайбалы хоккеймен айналысып келе жатқанын және болашақтарынан үлкен үміт күтетіндерін атап өтті.

— Қыздарымыз нағыз күрескерлер. Олар бұл жарысқа ұзақ дайындалып, тәлімгерлер мен жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Қысқы Азия ойындарына командамыз алғаш рет қатысты. Соған қарамастан үлкен жетістікке қол жеткізді, — дейді «Торпедо» әйелдер командасының жаттықтырушысы Дарья Дмитриева.

Спортшылар жеңістің қуанышын жанкүйерлерімен бірге бөлісті. Жарыстағы әсерлерімен бөліскен олар алдағы жарыстарда да үздік нәтиже көрсетуге ұмтылатынын айтты. Күміс жүлде иеленген команда мүшелері бұл жетістік олар үшін үлкен мотивация екенін жеткізді.

— Жапония командасын айналып өту біз үшін өте қиын болды, бірақ бұл бізге ерекше шабыт берді. Соңында Корея командасын жеңіп шықтық. Алғашқы Азия ойындары бізге үлкен әсер қалдырды. Нәтижеге ризамыз, әрі қарай жаңа белестерді бағындыруға дайынбыз, — дейді Мунира Саяхатқызы.

Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу