Ауылдағы әлсіз шамдар жарқырай түседі - Ұлан ауданы

Өткен ғасырдан бері жөндеу көрмеген Герасимов ауылының электр энергиясы жаңартылып жатыр. Тұрғындар электр қуатының әліздігіне көптен бері шағымданып келген болатын.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдағы электр жүйесі жаңартылып жатыр. Оған республика бюджетінен 250 миллион 756 мың теңге қаражат бөлінген.
– Жұмыс шілдеде басталған. Қазір үйлер мен ғимараттарға әуемен келіп тұрған желілер толық ауыстырылып бітті. Көшедегі желілерге де электромонтаж жұмысы істелді. Қазір ақырындап іске қосып жатырмыз. Электр желісінің өткізгіштік мүмкіндігі артты. Жүйенің жалпы тұтыну қуаты – сағатына 694 киловатт, – деді аталмыш бөлімнің басшысының міндетін атқарушы Сабыржан Қилыбаев.
Оның айтуынша, осы жоба аясында 50 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 25-і жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтар.