KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, С
502.47 525.83 5.68

Металлургия өнеркәсібіндегі ғылыми әзірлемелер таныстырылды

Кеше, 14:19 298 Төлеуғазы Жансая


Өскеменде ғылыми-инновациялық хакатон басталды. «Қазақстан Республикасының тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» деп аталатын ғылыми-технологиялық сессияны «Казцинк» компаниясының қолдауымен еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ алаңында өтіп жатқан іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 50-ден астам ғалым, өнеркәсіп саласының сарапшылары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысуда. Екі күн бойы жиынға қатысушылар өндіріс үдерістерін жақсартатын өзекті технологиялық шешімдерді талқылайтын болады. Жиында көтерілетін мәселелер арасында концентраттардың сапасын арттыру, өндіріс қалдықтарын ұтымды пайдалану және тауар өнімдерінің жаңа түрлерін шығару сияқты мәселелер де бар.

– «Казцинк» компаниясы әрдайым озық технологиялық прогрестен қалыспауға тырысады. Біз ғылым мен инновацияны қолдау тек болашаққа инвестиция емес, сонымен бірге тұрақты өсу мен өндіріс тиімділігінің алғышарты деп білеміз. Сондықтан біз бұл хакатонды қуана қолдаймыз. Бұл іс-шараны білім алмасудың, тың идеялар қалыптастырып, серпінді шешімдерді іздеудің таптырмас алаңы деп айтуға болады, – деді хакатонның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Оның айтуынша, хакатон форматы ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдеріне байланыс бағыттарын табуға және кейіннен білген-түйгенін бір арнаға тоғыстырып, тәжірибеде қолдануға болатын бірлескен жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов ғылыми әзірлемелерді өндірістік үдерістерге біріктіру олардың тиімділігі мен өнімділікті арттыруға, сонымен бірге шығындарды азайтуға және қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтауға көмектесетінін жеткізді.
Екі күнге созылатын хакатон барысында қатысушылар үшін өзекті мәселелер бойынша секциялық жұмыс ұйымдастырылады. Атап айтсақ, ғылыми-техникалық прототиптердің таныстырылымы, «Казцинк» ЖШС үшін басым ғылыми жобаларды іріктеу сияқты бағыттар қамтылатын болады.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу