ШҚО-да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептердің құрылысы аяқталуда
Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жеті мектеп салынуда. Оның бесеуі, жалпы 2 мыңнан астам оқушыға шақталған, толықтай дайын. Өскемен, Риддер, Шемонаиха қалалары мен Белоусовка кентіндегі жаңа оқу орындарында білім беру процесі осы жылдың төртінші тоқсанынан басталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта тағы екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын:
- Өскеменде (Есенберлин даңғылы) – 600 орындық,
- Глубокое ауданы, Опытное поле ауылында – 300 орындық.
Бұл екі мектептің құрылыс дайындығы 56% және 70% құрайды. Аталмыш білім ошақтарын ағымдағы жылдың жазында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Барлық мектеп инженерлік коммуникацияларға қосылған.
Облыс әкімдігінде өтіп жатқан жиында ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов жобаның жүзеге асырылу барысы туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, кейбір мектептерге баратын жолдар толық дайын емес.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мектепке баратын кірме жолдардың құрылысын 2025 жылдың 1 маусымына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті билік оқу орындарының пайдалануға берілуін жеделдетіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтауы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы Өскемен қаласының Тимофеев және Уәлиев көшелері бойындағы мектептерді 2025 жылғы 20 наурызға дейін, Риддер қаласындағы мектепті 2025 жылғы 20 наурызға дейін, Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі мектепті 2025 жылғы 20 наурызға дейін пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ажар Мұратқызы
Фото: Махаббат Ахметжанова