KZ
Өскемен
-18°
ясно жел 2 м/с, СБ
502.47 525.83 5.68

Былтыр ШҚО-да 3270 қыз адам папилломасы вирусына қарсы екпе алды

Кеше, 15:53 261 Төлеуғазы Жансая

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында нысаналы топтағы балаларды профилактикалық егулермен қамтудың нормалық көрсеткіші қамтамасыз етілді. Егулермен қамту келесі көрсеткіштер бойынша 95-100% аралығында орындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– ДДҰ сарапшыларының мәліметі бойынша вакцинопрофилактика және таза су – қоғамдық денсаулықты сақтаудағы маңызды шаралар. Соңғы 150 жылда өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұзарды, оның 25 жылы екпе егудің арқасында.
Қазақстанда иммундау – денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі. Вакцинация нәтижесінде дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, қызылша, полиомиелит, В гепатиті, туберкулез сияқты жұқпалы аурулардың деңгейі айтарлықтай төмендеді. Соңғы 15 жылда профилактикалық егулер күнтізбесі кеңейтілді: 2008 жылы – гемофильді жұқпаға қарсы вакцина енгізілді; 2009 жылы – пневмококк инфекциясына қарсы вакцина енгізілді; 2024 жылы – жатыр мойны обырының алдын алу үшін АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді (3270 қыз бала егілді), – деді ШҚО СЭБД басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бүгін өткен брифингте.

Атап айтар болсақ, былтыр1 жасқа дейінгі балалар бойынша: Туберкулезге қарсы БЦЖ – 97,4% (8091 бала, учаскелерде 90 бала егілді); В гепатитіне қарсы – 96,3% (7997 бала, учаскелерде 19 бала); АКДС3+Hib3 бастапқы кешені – 99,7% (7727 бала); ВГВ3 аяқталған курс – 99,7% (1 жасқа дейінгі 7727 бала); Пневмококк инфекциясына қарсы 2 – 97,1% (1 жасқа дейінгі 7522 бала) егілді.

1 жастағы балалар бойынша: Пневмококк инфекциясына қарсы 3 – 97,2% (8483 бала); Қызылша, қызамық, індеттік паротитке қарсы 1 – 95,9% (8366 бала); Полиомиелитке қарсы ОПВ 4 – 100,9% (8804 бала); АКДС4 + Hib4 – 99,4% (8669 бала) егілді.

2 жасқа дейінгі балалар бойынша: «А» вирустық гепатитіне қарсы 2 – 67,8% (6421 бала) егілді. Мамыр-қараша аралығында вакцинаның жетіспеушілігі бұл көрсеткішке әсер етті.

6 жастағы балалар бойынша: ККП 2 (қызылша, қызамық, індеттік паротит) – 98,8% (9880 бала); АбКДС-5 – 98,3% (9834 бала) егілді.

Жасөспірімдер мен ересектер бойынша: 16-17 жас аралығында АДС-М – 95,3% (9477 жасөспірім); Дифтерия, сіреспеге қарсы – 84,2% (17564 ересек адам) егілді.

Дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцинацияның жетіспеушілігі 2023 жылы вакцинаны жеткізудегі үзілістермен байланысты болды. Профилактикалық екпелерден бас тарту себептеріне талдау жүргізілуде.

Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша екпелер арнайы аймақтар мен халықтың жекелеген топтарына жасалады. Оған "А" гепатиті, тұмау, кене энцефалиті, туляремия, күйдіргі, құтырма қарсы екпелер жатады.

Қазақстанда 11 инфекцияға қарсы екпе міндетті: туберкулез, дифтерия, полиомиелит, қызылша, індеттік паротит, қызамық, сіреспе, көкжөтел, В гепатиті, гемофильді және пневмококк жұқпалары.

Жұқпалы аурулар иммунитет қалыптастырса да, ауыр ағымда өтуі мүмкін. Сондықтан вакцинация инфекциялардан қорғанудың ең тиімді жолы болып табылады. Екпелер қауіпсіздік және тиімділік тұрғысынан зертханалық және клиникалық тексерістерден өтеді. Әр партия мемлекеттік тіркеуден кейін мұқият тексеріледі.

Екпе егудің жеткіліксіздігі аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін. Вакцинация арқылы көптеген жұқпалы аурулар мен олардың асқынуларының алдын алуға, тіпті кейбірін толығымен жоюға болады (мысалы, шешек, полиомиелит).

ДДҰ деректері бойынша, жыл сайын 1,5 миллиардтан астам адам иммундаудан өтеді. Қазақстанда жыл сайын 5 миллионға жуық адам, оның ішінде 1,3 миллион бала екпе алады.

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес халыққа екпе тегін жүргізіледі. Балаларымыздың саулығы – инфекциялардың алдын алуға бағытталған екпе шараларымен қамтамасыз етіледі.

 

Ержан Әбіш

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу