Ольга Рыпакова неге депутаттық қызметін ерте тоқтатты?
Облыстық мәслихаттың кезекті қырық екінші сессиясы барысында даңқты спортшы қызымыз, облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Рыпакова өзінің депутаттық қызметін мерзімінен бұрын тоқтататындығын мәлімдеді.
Басты себеп – алдағы Токио Олимпиадасына тыңғылықты дайындыққа кірісу.
– Бұл қызметте сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеп, халыққа барынша жақын болуға тырыстым. Өңірдің спорт саласын дамытуға біраз болса да үлес қосқаныма қуанамын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Токио – менің соңғы Олимпиадам болмақ. Сондықтан бар уақытым мен күш-жігерімді дайындыққа арнамақпын. Бірге жұмыс істеген баршаңызға үлкен алғысымды айтамын, – деді Ольга Рыпакова.
Өз кезегінде депутаттар мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев та Ольгаға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, спортының өркендеуіне қосқан еңбегі, осыған дейінгі депутаттық қызметі үшін алғыс білдіріп, алдағы дүбірлі додада сәттілік тіледі.