Риддерде 120 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды
Тарих табалдырығында тұрған Жаңа жыл қарсаңында Риддердегі 120 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Кісі есігі қажытып, ондаған жылдар бойы пәтер жалдап келген жандардың қуаныштан асып-тасқан бала-шағасымен бірге ағайын –туысы, әріптестері де қоса шаттанып, «Қоныс той құтты болсын!» десіп шашу шашты.
Риддерде талай жылдан бері баспана кезегінде тұрған көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, жетім балаларға, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін мамандарға арналып салынған 60 пәтерлік екі тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бір жыл көлемінде салынып бітіп, пайдалануға беріліп отыр. Өз үйлерінің есігін ашуға асығып келген елге пәтерлерінің кілттерін қала әкімінің орынбасары Евгения Нужных салтанатты түрде табыс етті. Жалға берілетін қос тұрғын үйдің құрылысын «Шығысстройиндустрия» ЖШС жүргізілген. Жалпы аудан 4000 шаршы метрден асады. Биыл Риддерде барлығы 9436 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жаңа баспана, жаңа өмір, жаңа көңіл, жаңа көрші, жаңа жыл... Кеншілер қаласында тұрып келе жатқан көп балалы ана Гүлжан Сқақова да жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алатын болды. Шаһар басшыларымен бірге жаңа үйдің алқызыл лентасын қиып, есігін айқара ашқан Гүлжанның үш бөлмелі пәтерінің іші енді «өз үйіміз» деп асыр салған балаларының күлкісіне толмақ. Қаладағы №14 –ші мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі Динара Қамзина 2005 жылы мемлекеттің жұмыспен қамтуға байланысты жүзеге асырылып жатқан арнайы бағдарламасымен жас маман ретінде жолдасымен бірге Күршімнен Риддерге көшіп келген. 13 жылдан соң, міне, екі баласымен бірге қолдары екі бөлмелі жаңа пәтерге жетті.
-Менің отбасыма жаңа пәтер берілетінін естігенде қуаныштан көзімнен ыстық жас ытқып шықты. Біз бұл пәтерді тағатсыздана 13 жыл күттік. Өзім Алматыдан Қыздар педагогикалық институтын бітіргенмін. Күршімге келгенде мамандығыма сай жұмыс болмаған соң Риддерге көшіп келдік. 6 және 12 жастағы екі балам жаңа пәтеріміздің ішін реттеп, әсемдеп, жарқыратып қоямыз деп құлшынып жүргендеріне біраз уақыт болды. Алла бейбіт күннен айырмай, қолымызды осындай жаңа үйге жеткізіп отырған еліміз аман, мемлекетіміз қуатты болсын!,-дейді Динара. Біз де арқа жарқа болып, бір –бірін құттықтап жатқан жаңа үйдің иелеріне баспаналары-бақыттың мекені болсын деп тіледік.