Кубаның әншілері Катонқарағайда ән салып жүр
Жаңа жыл қарсаңында ауданымызға Куба елінен келген «DJ Umberto Project» тобы өздерінің ән шашуын әкеліп, жергілікті тұрығындарға ұмытылмас кеш сыйлады.
Шетелдік әртістердің келерін аудан жұртшылығына күнібұрын хабарландырып қойғандықтан болар, алыстан ат басын бұрған кубалық меймандармен жүздесуді дамыл таппай тағатсыздана күтіп тұрды. Сол екі арада әртістер дайындалып, көпшілік алдына шыққанша, көрермендерді бой сергітіп, қыздырып алу үшін ортада аудан өнерпаздары әсем әндерін паш етті.
Әртістерді бастап әкелген әрі продюсер, әрі кеш жүргізущісі болған өскемендік Руслан Абдрасулин есімді жігіт иін тіресе жиналғандардың қошаметімен асыға күткен қонақтарды да ортаға шақырды. Ән мен биге ұласқан көңілді кеште кубалық топ бірнеше шетелдік танымал заманауи әндермен қатар, орысша және отандық белгілі хиттерді қазақ тілінде шырқады. Диско кештің өн бойында жастар әншілермен бірге ән айтып, ортада би билеп, мәз болды. Аракідік ұтымды сәттерде кубалық өнерпаздармен ұялы телефондарына селфиге де түсіп, өздеріне естелік етіп жатты.
«DJ Umberto Project» тобы 2011 жылы құрылыпты. Қазақстанда өнер көрсетіп жүргендеріне бес-алты жылдың жүзі болыпты. Топ жетекшісі Умберто Сармиентоның айтуынша, қазақстандық шоу бизнесте өзіндік орын тауып, тыңдармандарын тапқандарын айтады.
-Мен өзім әншілікпен он бес жасымнан айналысып келемін. Бүгінде тобымыздың репертуарында латын-америкалық, батыстық және әрине, қазақстандық танымал әндер бар. Бұл әндерді біз топ мүшесі, менің досым Алекс екеуіміз өзімізше өңдеп, жаңаша сипатта тыңдармандарға ұсынамыз. Осы күнге дейін бірқатар ән жинақтарды да шығарып үлгердік. Оның ішінде қазақстан жұлдыздары шырқап жүрген әндердің ремикс нұсқалары жиналған альбом де жоқ емес. Біз үнемі той-томалақ, жастар бас қосатын көңілді орталар мен халықаралық алаңдарда өнер көрсетеміз. Болашақта да осы бір дархан елде қалып, шығармашылығымызды дамытуды жалғастырамыз деп ойлаймыз, - деп бөлісті бізге берген сұхбатында Умберто.
Тимур Смағұлов