Бүгін Семей әуежайы салтанатты түрде іске қосылды
Жаңа жыл қарсаңында Семейде айтулы оқиға орын алды. 30 жылдай жөндеу көрмеген шаһардағы әуежай қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 10 млрд теңге жұмсалғанын айта кету керек.
Жағымды жаңалыққа облыс әкімі Даниал Ахметовте куә болды. Күрделі жөндеумен «Терезе» ЖШС айналысқан. Сәйкесінше әуежайдың ғимараты заман талабына сай көркейтіліп, ұшып-қону жолағы тұтастай жаңартылды. Қосқабатты бетоннан тұратын жаңа алаңның ұзындығы үш мың метрден асады.
Су жаңа әуежайдың қызметімен танысқан өңір басшысы, атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.
- Осыдан екі жыл бұрын Елбасы тапсырмасымен Семей әуежайын жөндеуге қомақты қаржы бөлінген болатын. Міне еңбек өз нәтижесін беріп жоспарланған жұмыс мәресіне жеткендей. Енді бір-екі күннен кейін семейліктер әуежай қызығын көре бастайды,-деді Даниал Ахметов.
Семейдің әуе айлағы «Боинг» және «Эйрбас» сынды лайнерлерді қабылдауға қауқарлы. Өйткені маңызды нысан халықаралық IKAO талаптарына толықтай жауап береді деп айтты мердігер ұйымның өкілі.
Мұнда ішкі және сыртқы рейстерге арналған күту залдары, сол секілді жүк терминалы қарастырылыпты. Жылыту әрі су құбырлары түгелдей жаңасына ауыстырылды. Ғимараттың шатыры, едендері мен терезеліре қалыпқа келтірілген-ді.
Айта кеткен жөн, бұған қосымша 500 млн теңгеден аса қаражат бөлінген еді.
Алдағы уақытта бұл жерден Қазақстан аймақтарынан бөлек, Ресейдің қалалары мен алыс-жақын елдерге де сапарлауға мүмкіндік туады. Сол секілді әуе қақпасының логистикалық әлеуеті де зор. Семей шаһары Ресей Федерациясы және ҚХР-ның арасындағы дәлізде орналасқанын ескерсек, аталмыш нысан жүк тасымалының ілгерілеуіне сеп болары даусыз.