Семейлік өнертапқыштар жел генераторының жаңа түрін ойлап шығарды
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Мұхаммедәлі Ибрагим және Нұржан Бөдес, инновациялық жел генераторының жаңа құрылымын жасап шықты. Ерекшелігі сол, тың қондырғы электр қуатын артығымен өндіруге қауқарлы әрі қоршаған ортаға зиянын тигізбейді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жас өнертапқыштар, осы арқылы баламалы энергетиканы дамытуды көздеуде. Нақтырақ айтқанда, Зияткерлік мектептің оқушылары өз табыстарын қаланың инфрақұрылымына енгізбек ниетте. Бұл дәстүрлі қуат көздерінен анағұрлым тиімді, сондай-ақ экологияға да залал келтірмейді деді семейлік инноваторлар. Әйтсе де оның артықшылығы мұнымен ғана шектелмейді.
- Физика сабағында жаңа тақырыпты өткен соң, Нұржан екеуімізге бір ой келді. Неге жел генераторының тиімділігі мен пайдалы әсер коэффициентін арттырмасқа? Ол үшін Бернули және аэродинамика заңдарын негізге алдық. Жаңа құрылымының ерекшеліктерін пайдалану арқылы желдің жылдамдығын көбейттік. Осыйлаша оның айналым саны жоғарылай түсті. Бүгінгі қолданыстағы жел генераторлары вертикальді, яғни тік күйінде орнатылады. Соның салдарынан оны желдің бағытына қарай ауыстырып отыру қажет. Біздің өнертабысымыз кез келген ғимараттың үстіне қойылады және энергияны өндіру үшін оны айналдыру керек емес. Ол 360 градуста жұмыс істей береді, - деп атап өтті Семей қаласындағы физика-математикалық бағытындағы НЗМ-нің 12-ші сынып оқушысы Мұхаммедәлі Ибрагим.
Жасыратыны жоқ, қазіргі жел электр станцияларының пайдасымен бірге зияны да бар. Мәселен, аталмыш қондырғылар қуатты өндірумен қатар ультрадыбысты да шығарады екен. Ал бұл өз кезегінде тірі ағзаларға кері әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай қорытындыны жапондық ғалымдар шығарған. Осыны ескерген жас энтузиастар, генератордың сыртын пластикалық материалмен қаптаған. Нәтижесінде ультрадыбыс қондырғының ішінде сақталады. Оның үстіне жел электр орталықтары ашық болған соң, оған құстардың соқтығуы бек мүмкін. Сол себепті Мұхаммедәлі мен Нұржан, генераторға арнайы торды орнатыпты.
-Осыдан бөлек, «Smart» жүйеге байланысты тағы бір жұмысты пысықтап жатырмыз. Атап айтсақ, смартфонның жарығымен үйдің ішіндегі теледидарды, шамды және тағы да басқа тұрмыстық заттарды іске қосатын қосымшаны дайындауды кірістік, - деп айтты Нұржан Бөдес.
Қазақстан шикізатқа тәуелді елдердің қатарында. Алайда қазіргі жаһанда қалыптасқан тенденция, бұдан арылатын сәттің жеткенін аңғартты. Шығыстың қос ұланы, елдегі жасыл технологияның әлеуетін жоғары бағалап отыр. Рас, қазақ сахарасында баламалы энергетиканы өркендету үшін айтарлықтай мүмкіндіктер қарастырылған. Тәңірдің өзі жарылқады десек артық айтқандығымыз емес. Бұған қызығы да, қызғана да қарап отырған мемлекеттер қаншама?! Тек берілген несібені бабымен пайдалана алсақ игі.