Өскемендіктер Тәуелсіздік мерекесін тойлап жатыр
Тәуелсіздік мерекесі күні Өскемен қаласының орталық алаңында концерт өтті және «Самал» саябағында мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Концертпен қатар алаңда жәрмеңке ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары келушілердің назарына ұсынылды. Сонымен қаттар түрлі спорттық сайыстар бәсекесінде жеңімпаздар анықталды.
Түс кезінде Октябрь аралындағы «Самал» саябағындағы мұз айдыны салтанатты түрде ашылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл жер қайта жөнделіп, барлық талаптарға сай абаттандырылған болатын. Мұз айдыны аталмыш саябақта алғаш рет ашылып отыр.
Ал орталық алаңда Өскеменнің ең үздік өнер ұжымдары халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
-Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі күн Қазақ елінің әр тұрғыны үшін қасиетті, сондықтан 16 желтоқсан бізге қастерлі күн болып саналады, -дейді Өскемен қаласының тұрғыны Жеңіс Мұқашев.
Кешке өскемендіктер үшін қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Қайрат Нұртас орталық алаңда өнер көрсетпек.