KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
495.95 524.37 4.98

Абай мұражайына енді 3D саяхат жасауға болады

14.12.2018, 04:40 783

Бұл туралы Altaynews.kz тілшісіне Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева айтып берді.


Мәлім болғандай, мұражай бөлімшелерінің виртуалды нұсқасын 3D жобалаумен айналысатын алматылық компания әзірлеп жатыр. Осы арқылы Абай әлемі көрермендерге жақындай түсетін болады. Әсіресе бұл жаңашылдық мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ мәдениет зерттеушілеріне ұнауы тиіс. Себебі, үйден шықпай-ақ тарихи жәдігерлермен танысып, оларды көзбен көруге мүмкіндік тумақ.


- Алдағы уақытта Жидебайдағы Абайдың музей-үйіне, «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешеніне және Бөрілідегі М. Әуезовтің музей-үйіне 3D саяхаты қолжетімді болады. Жидебайдағы бөлімше және Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енгенін білесіздер. Сол нысандарға арнайы QR-код қойылған еді. «Тарихи жол» ұялы қосымшасы арқылы олар туралы 5 тілде толық ақпаратты табуға болады. Аталмыш мобильді қосымша Шығыс Қазақстандағы киелі жерлерге байланысты дайындалғанын айта кеткен орынды. Оны Play Market-тен кез келген ғаламтор қолданушысы жүктей алады. Тарихи жәдігерлер жайлы мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілінде берілген, - деп атап өтті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.


QR-код демекші, Семейдегі бас музейдің 12 залында да жедел ақпарат кодтары орнатылыпты. Замана игілігінің артықшылығы, уақытты текке кетірмей қажетті экспонат жайлы мәліметті лезде таба аласыз. Тек смартфонға керекті қосымша жүктелсе болғаны. Тағы бір айта кетерлігі, мұражай ұжымы қамкөңіл жандарды да назардан қалдырмаған екен. Мәселен экспозиция бөлмелерінде Брайль қарпіндегі ақпарат тақташаларыда қойылған. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға, барынша қолайлы жағдай құруға бағытталды. Ал негізгі музейдің 3D туры, мекеменің ресми сайтында жарияланған.


- Ғаламторда 4 сайтпен жұмыс істейміз. Айтатын болсақ, Abay-museum.kz, шетел азаматтарына арналған Visit-abaisemey.org, Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасына қатысты Shakarim.kz және президенттік қормен бірлесіп Abaialemi.kz сайтын ақпаратпен толтыруға үлесімізді қосып келеміз. Музейіміздің негізгі байлығы – қолжазбалар мен кітаптар. Кезінде А. Пушкин атындағы облыстық кітапханамен бірлесіп «Біздің Абай» атты үлкен жобаны әзірлеген едік. Соған сәйкес хакімнің сирек қолжазбалары, шығармалары, басқа тілге аударылған туындылары, ұзын саны 100-ден аса кітап цифрландырылды. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Абай әлем тілдерінде» деген атаумен үлкен жоба әзірленуде. Осыған байланысты өзіміздің қордағы, сол секілді басқа кітапханаларда сақтаулы Абай шығармаларының әр тілдегі басылымдары түгелі жинақталып, сандық нұсқаға көшірілу үстінде, - дейді Мейрамгүл Қайрамбаева.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу