ШҚО-да тілдер кембридж жүйесі бойынша оқытылып жатыр
Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстанда білім саласы ерекше қарқынмен дамуда. Бірінші кезекте бұл үштілді білім беруге қатысты. Облыста аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы жайында Астанадағы Орталық коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов айтып берді.
Еске салайық, Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі үштілді білім берудің қанатқақты жобасы жүзеге асырыла бастаған алғашқы өңір болды. Аймақта оқушыларға қазақ, ағылшын және орыс тілдерін үйрету мақсатында арнайы бағдарлама әзірленген. Аталмыш бағдарлама аясында тілдерді оқытудың тың әдістемесі жасалып, облыс мектептеріне 450 мыңға жуық жаңа оқулық сатып алынған. Осы ретте, оқулықтар еуропалық білім беру талаптарына сәйкестендіріліп шығарылғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар облыстағы тіл мұғалімдерінің біліктілігі де қатаң тексеруден өтті. Тексеру қорытындылары бойынша мұғалімдер қауымының тек 14 пайызы ғана жақсы нәтиже көрсеткен-ді. Сол себепті, облыста мұғалімдерге жаңа оқу жүйесінің қыр-сырын үйретуге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынды. Оның нәтижесі де жаман емес. Соңғы екі жыл ішінде мұғалімдер біліктілігінің деңгейі 60 пайызға дейін жеткен.
– Облысымызда қазақ, ағылшын және орыс тілдерін оқыту кембридждік жүйеге көшірілді. Оқытудың бұл үлгісі балалардың ойлау қабілетін тереңдетуге көмектеседі. Сонымен қатар аталмыш ақпараттық технологиялар жүйесі өзге үдерістерге де тың серпін беруі тиіс, – дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі, сонымен қатар өңірде алдағы үш жылда мектепке дейінгі және кәсіби-техникалық білім беретін 3 750 мұғалімнің тіл оқыту бағытындағы біліктілігі арттырылатынын хабарлады. Бұл жердегі негізгі басымдық ағылшын тілін нақты ғылымдар бойынша тереңдетіп оқутуға берілмек. Арнайы курстардан өткен мұғалімдер халықаралық емтихан тапсыратын болады. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстарға шамамен бір миллиард теңге жұмсалмақ.