"Сонар 2018" - ШҚО бүркітшілері бірінші орын алды
Алматыдан ақжолтай хабар жетті. Өңіріміздің бүркітшілері Алатау баурайында өткен «Сонар 2018» халықаралық һәм азиялық байқаудан жүлделі келе жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Әлемнің оннан астам елінен 90 тағыны баптап әкелген құсбегілердің халықаралық байқауында үржарлық Өмірбек Нұғымұлының «Мұзбалағы» қазақстанға олжа салып, бірінші орынды жеңіп алыпты.
– Біздің облыстан төрт бүркіт апарғанбыз. Байқау Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылды. Азиялық бүркітшілер байқауының бас жүлдесін қырғыздар әкетті. Біздің облысқа ол сайыстың төртінші және тоғызыншы орындары бұйырды, – дейді Шығыс-Алтай бүркітшілер федрациясының президент Тәттімбек Кәпұлы.
Аспан серілерінің алғырлығы сынға түскен сайыс еркін ұшыру, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге салу сынды кезеңдерді қамтыған. Халқаралық байқаудың қоянға салу сынында Өмірбектің бүркіті қоянды қанатымен соғып, аспанға қайта шығып төмен сорғалаған қалпы іліп көрерменді қайран қалдырыпты. Ал, түлкіге салған соңғы шешуші сында алыстан бұлдыраған алыпыс екі айлалы түз тағысын да қалт жібермепті. Осы сайыста Тәттімбек Кәпұлының қыраны үздік ондықты түйіндесе, Ерзат Байқадамов пен Ермек Жетпісовтің қырандары ширек финалға дейін жеткен. Орайы келгенде айта кетейік, өңірімізде атамұраны жалғастырып жүрген аталмыш құсбегілеріміздің ұстазы Нұғым Айдарұлы деген ақсақал. Өткен жылғы құсбегілердің республикалық бауашарында да Нұғым ақсақалдың ұлы Өмірбектің қыраны ел мерейін өсірген болатын.