Өскеменде жаңа емхана ашылды
Бүгін Күленов кентіндегі Халықтар достығы көшесі, №1 ғимаратта орналасқан емхана салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ашылуы рәсіміне облыма әкімі Даниал Ахметов қатысып, кент тұрғындарын осынау айшықты оқиғамен құттықтады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылып отырған медициналық мекеме осы шағын аудан тұрғындарына қызмет көрсетпек.
–Елбасымыз денсаулық сақтау саласына жіті мән беріп келетіні белгілі. Осы орайда біз мереке қарсаңында облыс орталығында жаңартылған емхана ашып отырмыз. Қызметкерлерге табысты жұмыс тілейміз, емхана заманға сай жабдықталған, – деді аймақ басшысы.
Медициналық мекеме 212 келуге шақталған. Бос тұрған ғимаратты қайта құру жұмыстары біраз созылып кеткен болатын. Енді кент тұрғындары Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Солжағалаулық емханаға қатынамай, емді жақын маңнан алатын болды.