KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

700 теңге үшін Ресейдің шекарасына тастап кетіп жатыр

19.11.2018, 09:28 204

Қазір Өскемен өңірінің халқы Ресейдің Локоть стансасына дейін сабылып барып қана қоймай, шекаралық  тексеруден өтіп, тәуліктен астам уақыт жол жүруге мәжбүр болып келеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


- Былтыр қыста түнде Лениногор -Астана пойызына Өскемен вокзалынан отырып, жолға шықтым. Шемонайха ауданына түнде келіп жеттік. Осы жерде еліміздің  шекара қызметкерлері құжаттарымызды тексере келе, несие қарызымның болуына байланысты мені  пойыздан түсіріп тастады. Қарызы барларды шетелге шығармауға байланысты қабылданған заңға байланысты маған әрі қарай шекара асып баруға болмайтыным түсіндірілді. Бірақ менің билетімде Астанаға бара жатқаным көрсетіліп тұр. Айналма жолмен жүріп жатқан пойыздың Ресей шекарасынан өтіп, Локоть стансасы арқылы өтетіні оларға түсінікті.Осыған қарамастан заңды орындау керек екендігімді айтып, орта жолда түсіріп тастады. Пойыздан түссем, перронда өзім сияқты қарызы, айыппұлы болып түсіріліп тасталған бірнеше жолаушы жүр екен.  Жеті қараңғы түнде танымайтын білмейтін жерде түсіп қалудың қандай екені белгілі. «Бұны білгенде  бұл пойызға отырмас едім» деп таяққа сүйенген қарт анамыз жолсерікке жалынып, жалбарынғанына қарамастан  оны да  пойыздан түсіріп тастады. Егер пойыз төте жолмен жүрсе жолаушылар жарты жолда қалып, мұндай азап көрмес еді. Шекара қызметкерлерінің бірыңғай базадан көрсеткеніндей  ол кісінің де әлденеге төленбеген қарызы бар болып шықты.  Бәріміз бірнеше таксиге отырып Семейге келдік. Семейге сағат бестерде жетіп алып, Локотьтан айналып келетін өзіміз мінген пойызды  тоғызға дейін тағы тосып отырдық.Айналма жолдың азабын айтпағанның өзінде өз еліңде жүріп -тұруға кесірін тигізіп отырған осындай әуресінің барын айтсаңызшы! -дейді Глубокое ауданының тұрғыны Ерлан. А.


Ерлан айтқандай несие қарызы барлар ғана емес, алимент, коммуналдық қызмет,  жол ережесіне байланысты айыппұл, басқа да жағдайларға байланысты қарызы барлар осылай жол ортада Шемонайха жақтан  пойыздан түсіріліп тасталынады. Себебі елімізде бірер жыл бұрын қабылданған заң талаптары бойынша мемлекетке қарызы бар қазақстандықтар шетелге (Астанаға бару үшін Ресейдің Локоть стансасы арқылы жүретін пойызбен шекарадан кіре алмайды) шығарылмайды. Заңгерлер бұл ретте тек алимент немесе жол айыппұлдарын, несие қарызын төлемеген адамдар ғана емес, қаланың коммуналдық қызметтеріне де қарызы бар тұлғалар борышкер деп танылатынын айтады. Тізімге 700 теңгеден бастап төленбеген шоттары бар және  осы қарызды өндіру туралы сот қаулысы шығарылған адамдар енгізіледі. Сот санкциялаған қаулының көшірмесін борышкер, электронды хабарламамен ҚР ҰҚК  шекара қызметі де алады.  Шекарадағылар азаматтың қарызды өтегені базада расталғанға дейін шекарадан әрі шығармайды. Тұрғындар қарызының бар, жоғын, өтелген, өтелмегенін, басқа да жағдайларды   автоматты режімдегі  әділет министрлігінің сайтынан тексеруіне болады.


 Жол мұраты  -жету. Айналма жолдың азабы мен әуресін  тартып келе жатқан ел елордаға азып, тозбай, орта жолда қалмай қашан жылдам жетер екенбіз деумен жүр әлі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив