KZ
Өскемен
-4°
плотный туман жел 1 м/с, ОШ
485.04 525.98 5.04

ШҚО-ға жетпіс жылдан кейін "оралған" жауынгердің туыстары қайда?

9.11.2018, 04:58 211

Риддердің өлкетану мұражайына жетпіс жылдан астам уақыт із-түзсіз жоғалған жауынгер Жұмат Қасенов туралы деректер келіп түсті. Мұражай қызметкерлі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгердің туыстарын іздестіруде.


Жұмат Қасеновтың жауынгерлік парақшасындағы ата-анасы деген тұсқа Шығыс Қазақстан облысы, Поперечный ауылдық кеңесі деп жазылған. Жауынгер 7-мотоатқыштар ротасының құрамында болып, Ленинград түбіндегі шайқас кезінде 1941 жылдың 10 қазанында қаза тапқан. Неміс әскерлерінің күші басым болған бұл ұрыстан ешкім тірі шықпаған. Іздеу отрядтарының нәтижелі жұмыстарының арқасында 77 жылдан кейін майдан даласында жанқиярлықпен күрескен жауынгерлердің есімдірі қайта жаңғырып отыр. Осы күнге дейін олардың барлығы із-түзсіз жоғалғандар санатында болатын.


Риддердің мұражай қызметкерлері Жұмат Қасеновтың Поперечный ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленгендігін анықтады. Аталмыш балалар үйі 30-жылдары ата-аналары аштықтан қырылған ондаған баланы қанатының астына алған болатын. Сегізжылдық орта мектепті тәмамдаған соң, Жұмат Қасенов Риддердегі ФЗУ-ге оқуға түседі. Оны аяқтаған соң майданға аттанады.


Поперечный ауылындағы балалар үйі тек 1946 жылға дейін қызмет еткен. Жұмат Қасеновтың жеке ісін табу мүмкін болмады. Мұражай қызметкерлерінің ендігі мақсаты жауынгер жерлестерінің туыстарын тауып, оның 1941 жылы Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапқаны туралы хабарлау. Жұматтың жауынгерлік медальонындағы хабарлау деген жерінде де «Поперечный» аулы деп жазылған екен. Бәлкім ол осы ауылда іздеушісі барына сенген болар.


- Есімі 77 жылдан соң қайта жаңғырған жерлесімізді енді ұмытуға хақымыз жоқ. Жұмат Қасенов жетім емес, оның Отаны, ата-анам деп білген ауылдастары бар,-дейді мұражай қызметкері Елена Путинцева.


Мұражай қызметкерлерінің бастамасымен қалалық мешітте жауынгер жерлесіміздің аруағына құран бағышталып, ас берілді.


Өкінішке қарай, Жұмат Қасеновтың жеке суреті де табылмады. Сол жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Риддердің құрметті азаматы Қатипа Егізбаева ұсынған суретте Жұмат Қасеновтың да бар болуы мүмкін. Мұражай қызметкерлері жауынгер туралы қандай да бір деректер білетін жандарға, оның туыстарына іздеу салады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив