Даниал Ахметов Қазан университетіндегі қазақстандық студенттермен кездесті
Облыс әкімі Д. Ахметов Татарстанға сапары аясында 200 жылдық тарихы бар Қазан федералды университетіне барып, осы оқу ордасында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.
Облыс әкімін осы университетте оқитын қазақстандық студенттер ерекше қуанышпен қарсы алды. Қолдарында еліміздің көк туы. Жалпы, бүгінгі таңда осынау университетте 44 мыңнан астам студен білім алып жатса, оның 7 мыңнан астамы шетелдік жастар көрінеді. Биылғы жылы аталмыш оқу ордасына 652 қазақстандық студент түсіпті. Облыс басшысы бастаған шығысқазақстандық делегация ең алдымен университеттің мұражайын тамашалады. Кезінде бұл білім ордасында пролетариаттың көсемі болған В.Ульянов, әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой, математик Николай Лобачевский секілді т.б. атақты тұлғалар білім алыпты.
Облыс әкімі Д.Ахметов осыдан кейін қазақстандық студенттермен кездесіп, еліміздегі білім саласында атқарылып жатқан игі шаралар, үш тұғырлы тіл саясаты туралы айтып берді.
-Татарстанға жасаған сапарымыз барысында біз бұл елдің Ресейдің алдыңғы қатарлы аймағы екенін көріп, куә болдық. Әсіресе, IT технология, инновация саласы бойынша алдыңғы қатарда көрінеді. Біз де Қазақстанда бұл бағытты дамытатын боламыз. Байқағаным, қазақстандық жастар мұнда көптеп білім алып жатыр екен. Қазан университетінде ғана емес, Иннополис қаласында да қазақ жастары жоғары технология саласында білім алуда, - деген облыс әкімі студенттерге табыс тілеп, олардың өз елдеріне мықты маман болып оралатынына сенім білдірді.