KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Басқармадағылар «бәрі жақсы» дейді, бірақ жағдай күрделі

9.10.2018, 05:04 134

Шемонайха қаласы қысты қарсы алуға мүлде дайын емес. Қалада бүгінгі таңға дейін бір де бір әлеуметтік нысанға жылу берілмеген. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатов әдеттегідей «бәрі жақсыдан» бастағанымен, «Камышинское» шаруа қожалығының басшысы Владимир Акулов жағдайдың өте күрделі екенін жайып салды.


-Қаланың іші қазылып жатыр, адамдар қазылған жерлерге тақтай төсеп, өтіп жүр. Бір де бір мектеп не емдеу орны жылуға қосылған жоқ. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де өткір тұр. Адамдар әкелінген көмірден бас тартуда. Өйткені топырақ пен жыныс араласқан, сапасы нашар көмір бір айдан бері үйіліп жатыр, - деді Владимир Акулов.


Шенеуніктің сөзіне қарағанда, шемонайхалықтардың көмірге қажеттілігі 45 мың тонна болса, оның 32,8 тоннасы немесе 73 пайызы бүгінге дейін жеткізілген. Көмірдің сапасына байланысты облыс тұрғындарынан алғашқы шағымдар түсе бастапты. Комиссия құрылып, акт жасалғаннан кейін, сапасыз көмірді ауыстыруға болады екен.


-Көмірге қатысты жағдай жылда қайталанады. Ал Шемонайха қаласының қысқа дайындығын тексеретін комиссия жіберу қажет. Қазірден қимылдамасақ, ертең кеш болады, - деп қорытындылады облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив