Өскемендегі Абай даңғылы кеңейеді
Облыс орталығындағы Абай даңғылы - көлік кептелісі жиі болатын жолдардың бірі. Бір қуантарлығы, жуықта қала әкімшілігі осы даңғылдың бойын кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Абай мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында жолды кеңейту жұмыстары басталып та кеткен.
- Осы қиылыстан күніне мыңдаған көлік өтеді. Көлікті өткізу әлеуетін арттыру мақсатында даңғылдың осы тұсына кеңейту жөнінде шешім шығарылды. Қазіргі күні Абай даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілерге салынып жатқан көпір маңынан Красин көшесіне дейінгі аралықта жолды кеңейтуге арналған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл арада ені 3,5 метр болатын оңға бұрылуға арналған тағы бір жолақ қосылатын болады,-дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Тұраров.
Оның айтуынша, мердігер компания инженерлік коммуникацияларды ретке келтіріп, бордюлерді орнатып үлгерген. Енді ең басты жұмыс - жолды асфальттау қалды. Даңғылды кеңейту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады.