Көпбалалы отбасына пәтер сыйлаған кім? Белгісіз...
Белгісіз кәсіпкер осымен екінші мәрте қайырымдылық жасап отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі holanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтау тұрғындары Асхат пен Жанар – төрт баланың әке-шешесі. Маңғыстау аймақтық коммуникациялар қызметінің жетекшісі Айсұлу Дүтбаеваның сөзінше, бұл отбасының көрмеген қиындығы аз. Асхат балаларды асырап жеткізу үшін қандай жұмыстан да бас тартпаған. Жанар тіпті түйе де баққан. Қол ұшын созар туысы жоқ, екеуі де жетім өсіпті. Бір-біріне сүйеу болыпты.
– Ескі сарайда күнелткен, тіпті қашаларда да паналап қала берген кездері болған, – дейді Айсұлу Дүтбаева.
Айсұлу Дүтбаева мен белгісіз кәсіпкер Асхат пен Жанарды іздеп талай сабылыпты. Екеуінің де байланыс нөмірлері жоқ.
- Біздің іздеп жүргенімізді естігенде, Жанар қатты қорқыпты. Көлікке отырғызып, пәтерге бара жатырмыз дегенде, "үйлерін тазалатпақ екен ғой" деп те ойлапты. Ал пәтер енді өздерінікі екендігін естігенде мүлде сенбеді. Соңғы сәтке дейін мүмкін емес деді, - дейді А.Дүтбаева.
Иә, сонымен, жұмбақ жан бұл отбасына бір бөлмелі пәтер кілтін табыс еткен. Қағаз жұмыстарын да бірітіп беруге уаде берген.
«Мұнысы – екінші мәрте істеген қайырымдылығы» дедік қой баста. Иә, ол сәл ертеректе төрт бала асырап отырған (балалардың екеуі мүгедек) анаға екі бөлмелі үй тарту қылыпты.
Белгісіз кәсіпкер өз атын сол күйі жасырын қалдыруды өтінді.