ШҚО-да нарко және психоневрологиялық диспансерлер біріктіріліп жатыр
Аймақта наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерді біріктіру басталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл екі медициналық мекемені біріктіру Қазақстанның алты облысында пилоттық режимде жүзеге асырылатыны туралы бір жыл бұрын белгілі болған еді. Біріктіру жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, біріккен ортақ медициналық қызмет – «Психикалық денсаулық орталығы» деп аталады. Облыстағы барлық психоневрологиялық және наркологиялық емханалар осы орталықтың құрамына енді.
Біріктіруге байланысты кадрларды қысқарту қауіпі туындамайды, керісінше, психиатр мамандар тапшы екен. Қос қызметтің бірігуі ескеріліп, 2016 жылдан бері нарколог және психиатр дәрігерлер жаңа талаптарға сай қайта даярлаудан өткізілуде. Енді емханаларда қабылдауды осындай әмбебап мамандар жүргізетін болады.
Осы тұста орын алатын тағы бір өзгеріс – Психикалық денсаулық орталығының амбулаториялық қызметі арнайы мекемелерден жеке емханаларға көшіріледі екен.