KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
492.22 529.38 5.03

Соғыс кезінде Моңғолиядан КСРО-ға жаяу қой айдау балаларға жүктелген болатын

11.09.2018, 10:01 80

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағы азық-түлік жағынан қатты қысылады. Сол кезде одақтас ел – Моңғолия КСРО-ға көмек ретінде қайтарымсыз негізде мыңдап қой жөнелтеді. Мал Семейдің ет комбинатына тірідей айдалып әкелініп, сол жерде «тушенка» болып пісіріліп, темір қалбырларға салынып, майданға аттанып жатты.


Моңғол қойлары комбинатқа қалай жетті? Оларды айдап әкелу жап-жас комсомолдарға жүктелген екен. Жиырмаға да толмаған жастар партияның тапсырмасын мүлтіксіз орындап шыққан.


Сол қой айдаушылардың бірі – Валентина Минина-Жиркова Өскеменде тұрады. Ол кісі 1925 жылы Катонқарағай ауданындағы Белқарағай ауылында дүниеге келіпті.


[caption id="attachment_40039" align="aligncenter" width="1000"] Валентина Минина-Жиркова[/caption]


Майданға азық-түлік жетпей жатты. Сол кезде одақтас Моңғолия КСРО-ға қой жөнелтеді. Бірақ сол қойды моңғол даласынан Семейдің ет комбинатына айдап әкелу оңай емес-тін. Бұл істі партия комсомолдарға тапсырады. Соның бірі ретінде Валентина да Моңғолияға қасына үш жас баланы алып аттанады.


– Моңғолияға Катоннан шығып жаяу бардық, сенесіз бе?! Қасымда 13-14 жасар бозбалалар. Әрең дегенде діттіген жерімізге де жеттік. Барсақ, дала қойдан көрінбейді. Мыңғырған мал. Бізге сол жақтың шопандары үш мың қойды санап берді, сөйтсек олар өзіміздің қазақтар болып шықты. Қойды Кеңес одағына айдап кеттік. Біздің жаяу жеткенімізді көрген Моңғолия қазақтары таң ғалып, үш ат пен төрт ит берді. Оған қоса жолда жейсіңдер деп дорба-дорба азық та салып берді. Бір қызығы, әлгі иттер үйретілген екен, олар қойларды қайыруға көп көмектесті. Жол-жөнекей ірілі-ұсақты өзендер жиі кездесті. Өзеннен өткен сайын от жағып, аяқ кептіреміз. Қойлар болса қоздап жатыр. Қойшы әйтеуір, әрең дегенде Семейге де жеттік қой. Үш мың бас қойды алып, комбинатқа 3 067 бас тапсырдық. Жолда 69 қозы туды, өкінішке қарай, екеуін судан өткенде өлтіріп алдық, – деді әжей. Міне, өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарау деп осыны айтуға болатын шығар. Сол кездегі тәрбие мен идеологияның осы тұстарын бағаламауға болмас.


– Комбинаттың басшысы «Шагай вперед, комсомолськое племя» (сол кезде кең таралған комсомолдар ұраны) деп қолымды алып, жоғары көтерді. Төртеуімізге азын-аулақ кәмпит берді. Соған мәз боп үйге қайттық. Үйге келсем, бауыр-сіңлілерім аш отыр. Біз үйде жетеуміз, мен үйдің тұңғышымын. Әкелген тәттілерімді көріп бір қуанып қалды олар, – деп көз жасына ерік берді әжей.


Қазір әжей Өскеменде жалғыз тұрады. Өкінішке қарай, 1948 жылғы жалғыз қызы Лариса он жыл бұрын дүние салыпты. Одан көрген немересі де жас кезінде көз жұмған. Десек те, бауыр-сіңлілерінің балалары көп, жиі келіп, қол ұштарын беріп тұратын көрінеді.


– Жастарға айтарым, ең алдымен денсаулықтарыңды күтіңдер, қазақ өте дана халық қой, «Басты байлық – денсаулық» деп қалай дәл айтқан, – дейді бала кезден қазақпен қоңсы өсіп, қазақша әжептәуір түсінетін Валентина әжей.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив