KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

7-8 қыркүйек Өскемен қаласы күніне жоспарланған мерекелік іс-шаралар

4.09.2018, 10:23 159

Биыл облыс орталығы – Өскемен қаласының күні 7 және 8 қыркүйек күндері екі күн қатарынан тойланады. Сондай-ақ, жылдағыға қарағанда мазмұны мен мерекеленуі де ерекше болмақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Осыған орай, мереке күндері өтетін іс-шаралар жөнінде тілшілерге арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина айтып берді.


Қала күні мерекесін 7 қыркүйекте сағат он кезінде Алматы тасжолының бойында (Телемұнара маңы) 15-17 жас аралығындағы жас велосипедшілер ашады, бұл күні қалалық ашық чемпионат өткізіледі.


Бұл күні сонымен қатар сағат 10.00-де Орталық мәдениет үйінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» тақырыбымен халықаралық ғылыми-практикалық форум өтеді. Форумға академиктер, профессорлар, абайтанушылар, тарих ғылымдарының докторлары, ғалымдар және зертеушілер қатысады, форум екі секциядан тұрады:


№1 секция: «Алтай – ғаламшардың киелі мекені: тарихи-мәдени мұра» (С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, «Рухани жаңғыру» залы);


№2 секция: «Түркі әлемі мәдениеттер диалогы контексінде: философия, филология, мәдениеттану» (С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, «Назарбаевтану» залы).


Осы күнгі мерекелік шаралар легі сағат 17.00-де облыстық драма театрдың акті залында  IV-ші «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалімен түйінделеді. Оған Қазақстан, Италия, Ресей, Испания, Сербия, Перу мемлекеттерінен әлемдік және қазақстандық классикалық музыка жұлдыздары Шахимардан Әбілов, Айман Мұсаходжаева, Михаил Кирхгофф, Сүндет Байғожин, Степан Симонян, Андрес Вераменди, Бранисалав Ятич, Сергей Ролдугин, Дмитрий Мурин, Әлия Бейсенова, Жұпар Ғабдуллина және  Государственный оркестр «Әншілер академиясы» мемлекеттік оркестрі қатысады.


– Фестиваль Өскеменнің қала күнін мерекелеудің бастамасы болады. Айта кетерлігі, осының бәрі облыс әкімі Даниал Ахметовтің үлкен қолдауымен өткізілгелі отыр және бас демеуші «Казцинк» ЖШС болмақ, - деп атап өтті баспасөз мәслихаты барысында Ольга Булавкина.


Ал 8 қыркүйек күні мереке Республика алаңында жалғасын табады. «Сулпак» сауда үйінің жанында таңғы тоғыздан «Күздің сыйы» ауылшаруашылық жәрмеңкесі басталады. Өскеменнің және оған жақын аудандардың шаруалары өз өнімдерін қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынатын болады. Жәрмеңкеге ет, балық өнімі, бакалея, қөкөністер мен жемістер, нан-тоқаш өнімдері шығарылады. Сондай-ақ, бұл уақытта Қазақстан көшесінің бойында аймақтың қалалары мен аудандарының қатысуымен дәстүрлі «Бал фестивалі» қанатын жаяды.


Сағат 11.00-де Республика алаңында Риддер қаласының, Глубокое, Ұлан аудандарының өнер ұжымдарының, сонымен бірге Ресей Федерациясының қонақтары Вера Сапутинаның, Игорь Бекетовтің, «Твинс» аккордеонистер дуэтінің, «Сударушки» би ансамблінің, скрипкашы Анна Смирнованың, «Ягоды» - сібірлік дуэті Анастасия Трубенкованың және Дмитрий Иващенконың қатысуымен  «Өркендеп, өрлей бер, Өскемен!» атты мерекелік бағдарламасы басталады.


Бұлармен қатар жекелеген алаңқайларда балалардың байқау-ойын бағдарламалары, ертегі батырларының және қуыршақтар флеш-мобы ұйымдастырылады, аниматорлар, трансформерлер болады. Сондай-ақ, бұл кезде денсаулық фестивалі де қатар өтіп жатады. Онда қала тұрғындарына жекелеген кеңестер, жылдам сараптамалар беріледі. Бағдарламада медициналық колледж студенттерінің қатысуымен флеш-моб және спорттық жарыстар өтеді.


8 қыркүйек күнгі Республика алаңындағы шаралар сағат кешкі 19.00-де қазақстандық эстрада жұлдыздары Дастан Оразбековтің, Али Оқаповтың, Зирузаның, Райм мен Артурдың қатысуымен өтетін мерекелік концерттік бағдарламаға жалғасып, оның соңы сағат 21.00-де болатын мерекелік отшашуға ұласады.


Айта кетерлігі, қала күнін мерекелеу аясында 8 қыркүйек күні облыс орталығында бірқатар маңызды -ісшаралар өткізіледі. Мәселен, сағат 10.00-де амфитеатр жанында Ефим Славскийді еске алуға арналған жеңілатлетикалық жарыс ұйымдастырылса, Ертістің арғы жағалауындағы Комсомол аралында Өскеменнің мөлтек аудандарының әуесқой қомандаларының арасында  шағын футболдан турнир өткізіледі.


Қала күнін мерекелеу қаланың өнер ұжымдарының қатысуымен бұл күні сағат 11.00 мен 12.00 аралығында ЖМК ауданында («Достық» сауда үйі), Защита ауданында (теміржолшылар саябағы), Согра ауданында («Валентина» СҮ, Менделеев к., 13), Шығыс ауылында (мектеп аумағында), Аблакетка кентінде («Жігер» орталығы Островский к., 16) және сағат 13.00-де Менавное ауылында (Максим Горкий к., 11а) кеңінен аталып өтіледі. Бұл жерлерде «Найман», «Инкорро» (Ертіс әуендері), «Нон-стоп» топтары, «Аруби», «Улыбка», «Еркетай» би ұжымдары, лезгинка мектептері, «Русская песня» және Гүлмира Қанафина, Ермек Байзақовтар өнер көрсетеді, ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі.


Сонымен бірге биыл қала күнін мерекелеудің аясында 8 қыркүйекте күндізгі он мен он бірдің аралығында Тимирязев көшесіндегі 179, 179б, 179в,  Сәтпаев даңғылындағы 36/1, 36/2 үйлер аулаларының салтанатты ашылуы болады.


Дәл осындай жөнделген жаңа аулалардың қолданысқа берілуі 12.00 мен 13.00 аралығында Славский атындағы жағалаудағы 12, 14, Карбышев к., 44, Севастополь к., 2, 2а,4, Островский к., 58, 60, Молдағұлова к., 17/3, Комсомол к., 29/1, Крылов к., 66, Жеңіс даңғ., 9, Пермитин к.,11,15/1, Бажов к., 343/3, 339/2, Космос к., 10, 10/1, 14/2, 14/3 және Егоров к., 2,2/1,2/2, 2/3, 4, 6 мекенжайындағы үйлердің жаңарған аулалары салтанатты рәуіште тұрғындар игілігіне берілетін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив