KZ
Өскемен
+3°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

Жақсылық Досқалиев: Парламентте жүргенде де операциядан қол үзген жоқпын

23.08.2018, 05:42 152

Шілде айында облыс орталығында тұңғыш рет бүйрек алмастыру отасы жасалғаны белгілі. Орган алмастыру операциясын жасау үшін облысқа трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының басшысы, атақты хирург, профессор Жақсылық Досқалиев өз командасымен арнайы келген болатын. Танымал хирург уақытының тығыздығына қарамастан, бізге сұхбат берген еді.


-Сіз медицинаны қалай таңдадыңыз? Бала кезгі арманыңыз ба?


-Шынымды айтсам, дәрігер болам деп ойлаған емеспін. Біздің бала кезімізде ұлдар инженерлікке көбірек қызығатын. Мен оқыған ауданда химзавод болды, Мәскеуден, басқа жақтан инженерлер келіп жатады, бізді мектептен экскурсияға апаратын. Небір инженерлермен таныстырады. Әлгілерге қарасаң, көңілің толады. Содан мен де өзіме «бітті, инженер болам» деген мақсат қойдым. Жай мақсат қоймай, дайындыққа кірісіп кеттім. Шымкенттің химиялық-технологиялық институтына «сіздерге қалай оқуға түсуге болады?» деген сыңайда хат та жаздым. Олар маған кітапша жіберді. Осылайша, несін айтасыз, мектепте бірнеше бала инженер боламыз деп шештік. Көзімізді жұмсақ, осы мамандық елестеп, әбден есіміз кетіп жүрген шақ. Сөйтіп, арманның жетегінде жүргенде, 9 сыныпта аяқ астынан әкем қатты науқастанып, өңештің қатерлі ісігіне ұшырады. Қыстың ортасында, 21 ақпанда ол кісі жаман дерттен көз жұмды. Мен алты қыздың арасында жалғыз еркек кіндікті едім. Бесеуі өзімнен үлкен, алтыншысы менен кіші. Әкем өзін дәретке апарғанға, жуындырғанға менен басқа ешкімді кіргізбеді. Сонда мен әкемнің қиналғанын көрдім. Соғыстың мүгедегі болған адам, өте шыдамды еді. Тіпті ауырсынуды басатын дәріні де «басымды айналдырады» деп салғызбайтын. Мен қазір жақсы түсінемін, ол кісінің жанына дертінің қаншалықты батқанын?! Ешкім көмектесе алмайды. Ішкен тамағы кері қайтады. Қу тері мен сүйегі ғана қалды сүлдіреп... Әкем осылайша көз алдымда, аурудан қатты қиналып, қайтыс болды. Ол кісі көз жұмар алдында мен «не болса да осы өңештің ауруын жеңбей қоймаймын!» деп ант бердім. Оныншы сыныпты ойдағыдай тәмамдап, бірден Ақтөбенің медициналық институтына емдеу факультетіне оқуға түстім. 1976 жылы осы факультетті үздік дипломмен бітіріп шықтым.


-Өкінішті жағдай екен. Иманды болсын әкеңіз. Бірақ өңешке операция жасауға дейін әлі талай тәжірибе жинау керек болған шығар?


- Әрине. Таза теоретик ретінде институтта қалдырғылары келді, оған келіспедім. Хирург болуды армандадым. Бір ауданда 7-8 жылдай хирург болып істедім. Бірақ ауданның аты аудан, ол жерде өңешке ота жасамайды, тіпті облыс та ол деңгейге жете қоймаған кез. Содан «қайда, кім өңешке операция жасайды?» деп сұрастыра бастадым. Алматыда Құланбаев деген профессор істейді екен деп естідім. Сол кісіге аспирантураға түсуге бардым. Бірақ түсе алмадым. Маған сол жерде «доценттің баласымен жағаласып қайтесің, келесі жылы келерсің» деген сияқты әңгіме айтылды. Бәрі алдын-ала келісілген сияқты. Келесі, 1986 жылы Мәскеудегі Хирургияның бүкілодақтық ғылыми орталығына хат жаздым. Құжаттарымды жібердім. Тағатсыздана жауап күтіп жүрмін, әрі тосам, бері тосам, жауап жоқ. Бір күні атақты академик Борис Петровскийдің өзі қол қойған бұйрық келді: « зачислен в клиническую ординатуру всесоюзного научного центра хирургии» . Қуанышымда шек жоқ! Профессор Олег Милоновтың бөліміне қабылданыппын. Бұл жерде операцияны бауыр мен ұйқы безіне жасайды екен. Өңеш дертіне шалдыққандар бір қабат жоғары бөлімшеде жатыр. Есіл-дертім сонда. Күнде бара берем сол жаққа. Сол жерде өңешке отаны екі көзін жұмып тұрып жасай беретін Черноусов деген мықты профессор болды. Бір күні маған көмектесуге рұхсат етті. Пациентті жуындыру керек екен, соған да ризамын ғой. Сонымен мен Мәскеуде 1989 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым, содан кейін Ақтөбеге келіп, мединститутта сабақ бердім. Ендігі арманым –өңешке операция жасап көру болды. Әкеме берген сертім миымнан шықпайды. Оқып-үйренгенімді тәжірибеде көруім керек қой. Ақтөбеде мұндай операция әлі қолға алына қоймаған. Алматыда ғана жасайды. Бұл - 1990 жыл. Дағдарыс кезі. Бәрін тастап, Сызғанов атындағы институтқа тартып қойдым. Академик Мұхтар Алиев деген хирургтің барын естідім. Шынында да мықты хирург екен, Черноусов екеуі жолдас. Тәжірибемді сол кісінің басшылығымен ұштадым. Қазір жұтқыншаққа отаны көзімді жұмып жасамасам да, бір кісідей жасаймын. Ең бастысы – әкеме берген сертімді орындадым. Өңешке жасаған бірінші отадан кейін қуанышым қойныма сыймай, жанымды қоярға жер таба алмағаным есімде.



- Елімізде орган алмастыру оталарын жасауды сол кезден қолға ала бастадыңыздар ма?


- Ол тоқсаныншы жылдардың аяғы ғой. Оған дейін әлі де білім мен біліктілікті жетілдіру керек болды. Қаржылық қиын кезеңге қарамастан Мұхаң менімен тағы бір хирургті бауырды алмастыруды үйреніп келу үшін 1995 жылы Германияға жіберді. Бұл кезде мен ұйқы безін алмастыру бойынша докторлық диссертациямды қорғап үлгерген болатынмын. Осы Алматыда бүйрек алмастыруды да меңгеріп алғам. Сонымен 1995 жылы екі хирург алты ай Германияда оқып келдік. Ал 1997 жылдың аяғында Алматыда тұңғыш рет бауырды ауыстыру отасын жасадық. Бірақ институттың барлық қаржысы сонымен бітті. Министрліктің қолдау көрсетуге басқа қаражаты жоқ. Ақыры мені 1998 жылы Ақтөбе мединститутына ректор ретінде жіберді.


-Діңгек жасушаларына қатысты экспериментті осы медициналық институттың базасында жасадыңыздар емес пе, қателеспесем?


- Иә, оқу орнының базасы үлкен әрі мықты еді. Экспериментальды жұмыстарды толықтай сол жерде жүргіздік. Бұл - ұрықтан алынған діңгек жасушаларын ( стволовые клетки) сынақтан өткізу тәжірибесі болатын. Алдымен тышқандарға, сосын иттерге салып көрдік. Ал 2001 жылы жасушыларды адамдарға сала бастадық. Қазір Астанадағы орталықта адам ағзасына ұрықтан алынған дінгек жасушыларының алты түрі салынады. Бұл әдісті көптеген органдардың дерттері асқынбай тұрғанда қолданса, нәтижесі жоғары болар еді. Мысалы, медициналық әдебиеттерде шашыраңқы склероз жазылмайтын дерт деп саналады. Ал біз тіпті осындай науқастарды аяқтарынан тік қоямыз. Осы клеткалардың арқасында шеміршектерді өсіреміз. Қант диабеті, бауыр циррозы, бүйректің қабынуы, қалқанша безінің жетіспеушілігі сияқты дерттердің барлығын да құлан-таза жазуға болады.


- Жақсылық аға, балаларыңызды, немерелеріңізді қай тілде оқытып-тәрбиеледіңіз?


-Менің бір қыз, бір ұлым бар. Екеуі де оқуларын орысша бастап, кейін мектепті қазақша тәмамдады. Ақтөбеде тұрғанымызда қызым 7,5 жыл, ұлым 1,5 жыл орысша оқыды. Кейін Алматыға көшкенімізде екеуін де қазақшаға бердім. Қиналды, бірақ мектепті жақсы бітіріп шықты. Қызымды әжесі баққандықтан, оған жеңілірек болған шығар. Ал ұлыма өте қиынға түскенін білемін. Қазір олар төрт тілде - қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше еркін сөйлейді. Ұлым Еркебұлан бес жыл Жапонияда оқығандықтан, жапонша да біледі. Ол өзім сияқты дәрігер. Қызым Әсел заңгер мамандығын таңдаған еді, қазір - нотариус. Қызымнан төрт немере, ұлымнан үшем сүйіп отырмын. Үшемнің екеуі ұл, біреуі қыз. Бұл енді құдайдың берген үлкен сыйы ғой! Есімдерін Рахметолла, Нәсиболла, Райхан деп атадық. Мен өзімді өте бақытты жанмын деп санаймын. Зайыбым Айжан да дәрігер, тегі атыраулық. Ал қызым Әселдің кенжесі дәл мен туған күні, мен туған сағатта 55 жылдан кейін өмірге келді. Оңдасын есімді батыр! Одан басқа Раушан, Әсет, Әлжан есімді үш баласы бар. Мен жолдастарыма «менің қызымдай қыз ешкімде жоқ. Әкесі туған күн мен сол сағатта дәлме-дәл немере сыйлау тағы кімнің қолынан келіпті?» деп мақтанып қоям.


-Балаларыңызды жарты жолдан қазақшаға қайта бергеніңізге қарағанда, немерелеріңіз де ұлттық тәрбие алып жатыр ғой?


-Міндетті түрде. Немерелерім қазақша сөйлейді, қазақ мектебінде оқиды.


-Ертегі айтып бересіз бе?


-Жоқ, менің ертегім енді келіспейді оларға. Одан да теледидардан көріп алғанды ұнатады. Менің «Айым болып тудың ба, күнім болып тудың ба?» деп оларға ән айтып беретінім бар кейде. ( кеңкілдеп күліп алды)


-Бос уақытыңызда немен айналысасыз?


-Мен қазақтың құмай тазыларын ұстаймын. Бұл былай болған. Бір күні газеттен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қазақтың тазысының шығу тегі, түрлері, тұқымы туралы әдемілеп суреттеп жазған мақаласын оқыдым. Мұқаң енді мөлдіретіп жазған кезде, тамаша суреттейді, оқиға көз алдыңа тура жанды түрде елестейді ғой. Олай жазудың өзі үлкен шеберлік! Сол мақаланы оқып отырып, қызығып кеткенім соншалық, «неге тазы ұстамасқа ?» деп ойланып қалдым. Бір кездері овчарка ит асырағанымыз бар еді. Кейін тағы бір мақаласы шықты. Тазылар бөлінеді депті, қоян алатыны, қасқыр алатыны болады екен. Содан қасқыр алатын түрін іздеп Қарағанды облысының Шет ауданына дейін шығып кеттім ғой. Арланын сол жақтағы бір жігіттерден таптым. Ал аналығын таныстарым осы Шығыстың Самар ауданынан жіберді. Қазір Адал, Ақтөс, Батыл, Көкбарыс атты төрт тазым бар, жастары әртүрлі.


-Олардың күтімі қалай? Қай жерде ұстайсыз?


-Тазылар көп тамақ ішпейді, күніне бір рет жетеді оларға. Арнайы тамақ пісіріп береміз. Жекеменшік үйде тұрғандықтан, аулада арнайы вольерлері бар. Аптасына екі рет табиғат аясына шығарып, бой жаздырып, ойнатамыз. Немерелерім қорықпайды. Қыста қасқырға саламыз. Аңға шығуымызды сөзбен жеткізу қиын енді. Мысалы, оларды бір мезетте жібере салуға болмайды. Кезек-кезек жібереміз. Алдымен сағатына 30 шақырым жылдамдықпен бүлкілдеп отырады. Сосын шабысын 50 шақырым жылдамдықпен үдете түседі. Аңға жеткенде, қардың үстінде ұйпа-тұйпа болып, арпалыса кетеді...Талай қасқыр ұстадық. Олжамды қазақтың салты бойынша басқалардың қанжығасына байлап кетем, кейде сыйға тартам.



-Өмірде неден қорқасыз?


-Мен өмірде ештеңеден қорықпаймын. Қорқу дегенді білмеймін. Бірақ, екі нәрседен сескенем: бірінші, сатқындықтан, екінші, алдаған адамнан сескенем.


-Сізді сатып кеткен кездер болды ма?


-Болды.


-Олармен қайта араласа алдыңыз ба?


-Мен үшін енді олар жоқ десе де болады, олар мені қызықтырмайды.


-Ал егер олар сіздің көмегіңізге мұқтаж болса ше? Дәрігер ретінде, мысалы?


-Онда жауыма да қолымнан келген көмегімді жасаймын. Мен үшін дәрігерлік сертім, Гиппократ анты бәрінен де биікте тұр.


-Өз денсаулығыңыз да бір кездері сыр беріп еді. Қазір қалайсыз?


-Қазір жаман емеспін, сол аяғымды сылтып басқаным болмаса. Сол қолымды жаттығулардың арқасында жұмыс істеуге жарамды қылдым. Отаны сегіз саусақпен жасай берем. Адамға ең керегі осы алғашқы үш саусақ екеніне көзім жетті. Соңғы екеуі, бәлкім, пианистерге, музыканттарға керек болмаса, хирургтерге онша қажет емес екен. (күледі).


-Армансыз адам болмайды дейміз. Ендігі арманыңыз қандай?


-Елімізде трансплантация саласын ары қарай дамытып, халыққа көмектессек, қызметіміз соларға қолжетімді болса екен деймін. Денсаулығы нашар, мүгедек жандар көп. Екіншісі – білгенімді жас әріптестеріме үйретсем. Басқа арман жоқ. Маған шен-мәнсап, қызмет керек емес. Кезінде екі мәрте денсаулық сақтау министрі қызметін атқардым. Парламенттің депутаты да болдым, әлеуметтік-мәдениет комитетіне төрағалық жасадым. Адамға шек керек қой. Мен министр болғанда да, Парламентте жүргенде де, ректор кезімде де операциядан қол үзген жоқпын. Таңғы бесте барып, тоғызға дейін бір күрделі ота жасап кететінмін. Осылайша жұмыс күнімді операция бөлмесінен бастайтынмын. Қазір таңғы алтыда тұрып, жаттығудан кейін орталықтағы жұмысыма кірісем. Бүгін іссапарда жүрмін, осылайша өмір өтіп жатыр.


-Жақсылық аға, әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!


Сұхбаттасқан- Айна Ескенқызы.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив