Семейде көмір қымбаттамайды - қала әкімі (видео)
Былтыр Семейде орын алған көмір тапшылығы талай адамдарды әбігерге салған болатын. Тіпті, алыпсатарлардың көмір үшін бір-бірімен жаға-жыртысқан видеолары бүкіл әлеуметтік желілерге тез таралып,тұрғындардың арасында қызу талқыға түскен еді.
Биылдың өзінде-ақ, жылыту маусымы басталмай жатып, 1 тонна көмірдің бағасы – 17 мыңға дейін шарықтап кетті деген жазбалар да баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүр. Сол себептен халық алаңдаулы.
Осы ретте, қала әкімі Ермак Сәлімов семейліктерді сабырға шақырып, өткен жылы болған олқылықтардың алдын алып, болдыртпау мақсатында қатты отынды сақтайтын қоймаларға арнайы барып, қазіргі таңда қандай өзгерістер болып жатқанын өз көзімен көріп қайтты.
Тексеру барысында жауапты тұлғалардан барлық мән-жайды толығымен сұрастырып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, таңғы бестен қаз-қатар тізіліп, өз кезектерін күтіп тұрған көмір сатушылармен де тілдесіп, олардың ойын білді.
Сол жерде тұрған Вячеслав есімді азамат шаһар басшысына өзінің шағымын жеткізіп, көмірдің жетіспеушілігі оларды шынымен де қажытып жібергенін айтты.
Бір айта кетерлігі, қара алтынның бағасы былтырғымен салыстырғанда біраз өскен. Мәселен, бүгінгі күні оның бір тонасы 8600 теңге, ал егер «КамАЗ» жүккөлігімен өзіңіз барып алатын болсаңыз - 7400 теңге.
-Көмірдің нақты бағасы 8600 теңге деп шешілді. Бұл баға енді келер жылдың 1-ші қаңтарына дейін өзгермейді. Алдағы уақытта көмірдің бағасы барлық жерде бірдей болуын өзім жеке жіті бақылайтын боламын. Ал әзірге көмірге қатысты мәселе жоқ. Кем-кетік тұстар ескеріліп, барлығы реттеліп жатыр,- деді Ермак Бидахметұлы.
Көмірге тапсырыс беру үшін келесі нөмірлер арқылы хабарласуға болады: 631-631, 8 705 639 16 16.