KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, ОШ
488.91 532.62 5

Басқарма басшысы: "Көрінген бағаға келісе бермеңіздер"

7.08.2018, 10:20 123

Шығыс Қазақстанда көмірге деген сұраныс қатты артқан. Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев көмір бағасы қалай реттеліп жатқаны туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат берді, деп хабарлайды Алтайньюс  тілшісі. 


Өткен қыста көмір тапшылығынан зардап шеккен облыс тұрғындары биыл жаз кезінде қамданған болатын. Тұрғындардың бұл тілегіне «Қаражыра» акционерлік қоғамы да құлақ асып, тапсырысты мамырдан бері қабылдап жатыр. Көмірді жазда да алуға болатынын естіген ел бүгінде оны босататын орындарда сағаттап кезек күтуде. Сол кезекті сейілту үшін облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Қазақстан Темір жолы» компаниясы күн сайын Қаражыра кенішінен көмір таситын вагондардың санын 2 есе арттырды. Кезек сейілгенмен, жұрттың көңіліндегі баға саясатына қатысты күдік сейілмей тұр. Қазір әлеуметтік желіде Өскеменнің түбінде әр тоннасы 8000 теңгеден босатылатын көмірді алыпсатарлар 17 мың теңгеге дейін көтеріп жібергені туралы ақпараттар көптеп тарап жатыр. Мұрат Мұсатаев журналистерге ондай бағаның қайдан пайда болғанын түсіндірді.


«Семей Қаражыра кенішіне жақын. Сондықтан онда көмір бағасы Өскеменнен арзан. Ал Өскеменде бір тонна көмірді 8800 теңгеден сатуда. Үржар, Тарбағатай, Зайсан сияқты шалғай аудандарға көмір тасымал ақысы қосылып, әлдеқайда қымбатқа жеткізіліп жатыр. Әйтпесе, көмірдің өз бағасы нақты белгіленген. Біздің басқарма тарапынан көмір босататын орындарға күн сайын мамандар шығып, жағдайды мониторингтеп отыр» - деді ол.


Көмір бағасы қатаң қадағалауға алынғанымен, оны тасымалдау ақысы реттелмей жатыр. БАҚ өкілдері тарапынан Өскеменнің іргесіндегі Тарханка ауылына көмір тасымалдау үшін 25 000 теңге сұраған оқиғалар болғаны айтылды.


«Біздің басқарма көмір бағасын қадағалуға ғана құқылы. Дегенмен, табиғи монополияларды реттеу департаментіне ұсыныспен шықтық. Оларға көмірді әрбір ауданға жеткізудің шығын мөлшерін бекітуді ұсындық. Қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Көмір тасымалдаушылар шағын бизнес өкіліне жататындықтан, оларға тікелей нұсқау беріп, жұмысын шектей алмаймыз. Бұл ретте тұрғындар да бірауыздылық танытып, баға саясатына тұтынушы ретінде әсер етуі тиіс» - деді басқарма басшысы.


Мұрат Мұсатаев былтырғы көмір қарбаласының дақпырты биыл да қолдан қымбатшылық жасауы мүмкін екенін ескертті.  «Биыл көмірді жаз басталғалы тасып жатырмыз. Сондықтан былтырғыдай тапшылық болмайды. Көмір жетпей қалады екен деп, көрінген бағаға келісе бермеуге кеңес беремін. «Биыл да көмір жетпей жатыр» дегенге саятын жалған ақпарат қолдан қымбатшылық жасаушыларға жол ашып берді. Ондай негізсіз байбаламға бой ұрмау қажет. Көмір барлық тұрғындарға жетеді. Ал оның бағасы 8800 теңгеден қымбаттамайды. Мұны мен ресми түрде мәлімдеймін» - деді басқарма өкілі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив