Өскеменнің әкімі өзгенің көлігін айдағаны үшін жауапқа тартылды
Риддерде 19 жастағы жігіттің өліміне әкеп соқтырған көлік апатының куәгері, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа айыппұл салынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мас күйінде көлік айдап, адам қаққан Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаевтың қасында болған Қуат Тұмабаевтың апаттан соңғы әрекеті сот назарынан тыс қалмады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі төралқа төрағасы Дамир Әбдуғалиев арнайыс баспасөз мәслихатында айтты.
-Қуат Тұмабаевқа «Міндетті сақтандыру келісімшартын бекітуден бұлтару» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік сот материалдары оның бөтеннің меншігіндегі көлікті сақтандыру полюсінсіз айдағанын тіркеген. Осы әрекеті үшін оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Әкім аталмыш хаттамаға қатысты Өскемен қаласының сотына шағым түсірді. Ол шағым қаралу үстінде,- деді Дамир Әбдуғалиев.
Осыдан 3 ай бұрын Риддер қаласы әкімінің орынбасары болған Бауыржан Құрманбаев мас күйінде көлік тізгініне отырып, 19 жастағы жігітті қағып өлтірген болатын.
Оқи отырыңыз