Семейдің Қайнар ауылындағы ауыз су мен жол жағдайы оңалып келеді
Семей әкімі Ермак Сәлімов БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Қайнар ауылындағы ауыз су мен жол мәселелерін көтерді.
Қала басшысының айтуынша, жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген «Семей-Қайнар» тас жолы біртіндеп оңалып келеді екен. Республикалық маңызы бар жолды ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары үшін мемлекет қазынасынан қомақты қаржы қарастырылған.
Шалғайдағы елді мекеннің күрмеуі шешілмеген мәселелері талай мәрте көтерген болатын. Соның бірі - Қайнарды қаламен байланыстыратын тас жолдың жағдайы. Жол азабын тартқан халықтың шағым айтып, «бармаған жері, баспаған тауы» қалмаған-ды. Былтыр жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы қарастырылып, бірнеше шақырымы қалыпқа келтірілді.
Ядролық жарылыстардың зардабын тартқан жергілікті халық талай жыл ауыз су тапшылығын да тартып отыр.Қайнар ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлініп, осыдан екі жыл бұрын жұмыстар басталған. Биыл аяқталуы керек. Яғни, халық таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бірақ, жаңа конкурс жарияланғандықтан, бұрынғы мердігермен арадағы келісімшарт тоқтатылған. Себебі, ол өз ісіне салғырт қараған, сумен қамту жұмыс кестесінен едәуір кешіккен. Мердігердің ісі сотқа табысталыпты.