KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 4 м/с, СБ
483.23 534.74 5.12

Студенттер әлемнің үздік оқулықтарын оқиды

1.06.2018, 04:42 152

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде аударылған 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. Онда келушілердің назарына «Қазіргі психология тарихы»,  «Әлеуметтану теориясы», «Тіл біліміне кіріспе», «Төртінші индустриялық революциясы», «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»,  «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты бірқатар еңбек ұсынылды.


Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл оқулықтар биыл білім бағдарламасына енгізілмек.


– «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздегі оқу орындарының білім сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Әзірше аударылған кітаптардың саны шектеулі болғандықтан, студенттер оқулықтардың электронды нұсқасын Ұлттық аударма бюросының сайтынан ала алады. Сондай-ақ эксклюзивті кітаптарды үздік лекторлардың ашық лекциясы түсірілген бейнефильм түрінде де тыңдауға болады, - дейді Гүлжан Сәрсенбаева.


Іс-шара барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың инновациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Қазыкешова баяндама жасады. Онда алты бөлімнен тұратын «Менеджмент» кітабының мазмұнына кеңінен тоқталды.


– Рикки Гриффиннің авторлық еңбегі алғаш рет 1984 жылы жарық көрген. Содан бері ондаған тілге аударылып, дүниежүзіне екі миллион данамен таралды. Жалпы, оқулықтан: «Әлемдегі ірі кәсіпорындар неліктен сәтсіздікке ұшырайды? Бизнестегі қиындықтарға қалай төтеп беруге болады? Кәсіпорынды басқару жүйесінде кемшіліктер туындамас үшін не істеу керек?» деген сұрақтардың жауабын табуға болады. Сонымен қатар, бұл оқулық кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін де пайдалы. Жалпы,  аталмыш жобаның пайдалы тұстары көп екенін айта кеткен орынды. Біріншіден, қазақ тілінің ғылыми қоры көбейеді. Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы білім сапасы әлемдік деңгейге дейін көтеріледі. Үшіншіден, бұл жоба еліміздегі аударма мектебін дамытуға зор үлес қоспақ, - дейді Ақмарал Қазыкешова.


Іс-шара барысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков уақыт талабынан туындап отырған жоба бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға септігін тигізетінін атап өтті.


– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» айтқан болатын. Қазір елімізде аталмыш бағдарламада көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда.  Солардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы бар. Бұл жоба алдағы уақытта жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін бермек, - дейді Еркебұлан Балтабеков.


Айта кетейік, осы жоба аясында түпнұсқа кітаптардың авторларын елге шақырып, кездесу ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы да әлемге әйгілі 30 кітап жарық көрмек.


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив