Облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынатын кезекті, ХХІ халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатында Даниал Ахметов Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, фристайлшы Юлия Галышеваға да ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Төрт жылдықтың басты додасында ел қоржынына жалғыз жүлде салған Юлия өңір басшысы мен демеушілер атынан бір бөлмелі пәтер, 16 миллион теңгенің сертификаты және «Пежо» маркалы сужаңа автокөліктің кілтіне ие болды. Сонымен қатар марапаттан Галышеваның бапкері Елена Круглыхина мен Оңтүстік Кореядағы Олимпиада ойындарына қатысқан тағы бір фристайлшы Павел Колмаков та құр қалған жоқ. Олардың екеуіне де қызметтік пәтердің кілттері табыс етілді.
-Біздің облыстан көптеген республикалық және халықаралық жарыстардың, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері шыққан. Олардың ішінде Ольга Рыпакова, Айбек Нұғымаров, Денис Уланов пен Алексей Полторанин сияқты саңлақтар бар. Облыста бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңір тұрғындарына үш мыңнан астам спорттық нысан мен секциялар қызмет көрсетуде,-деді облыс әкімі