Әскерде болған жігіт жұмыссыз қалмайды
Әскерде болған жігіт жұмыссыз қалмайды. Әскерге келіп , әскери билет алған жігіттің кез келген жерге, соның ішінде органдарға кедергісіз жұмысқа тұруына болады. Бұл туралы Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары Ниязтай Алкешев айтты.
Ниязтай Алкешевтің айтуынша, сарбаздардың басым бөлігі келісім –шартпен әскери қызметін жалғастырып, әрі қарай қалып жатады. Еңбекақылары жоғары. 2005 жылдардан бастап шартты қызметпен істейтін әскерилердің қатары көбейіп келеді. Қазір әскери салада қызмет етемін дегендерге барлық мүмкіндіктер бар. Ұлттық Ұланның Петропавл қаласында әскери институты бар, 11 сыныпты бітірген ұлдардың бір бөлігі соған оқуға түсе алады. Оқу тегін, әскерилерге баспана да тегін беріледі.
Ниязтай Алкешев
-Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы әскерилерге, шартты қызметшілер мен офицерлерге несиелерін мемлекеттен бөлінетін қаржы есебінен жауып отыратын баспана сатып әперіліп жатыр. Әскерге алынатындардың денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі әскер бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жасақталып,мобильдендіріліп, кәсібилендіріліп жатыр. Әскеріміз ықшамды бола тұра олардың кәсіби деңгейлері жоғары болуы керек. Ұлттық Ұланның өзінің Әскери институтында сол талапқа сай әскерге, қорғанысымызға қажетті техникалық, азаматтық әскери мамандар даярлап шығарып жатыр,-деді ол.