KZ
Өскемен
+2°
небольшая облачность жел 0,6 м/с, С
478.16 534.92 5.18

Салафиттердің санасына дәстүрлі сенімді қайтсек сіңіреміз?

11.05.2018, 03:49 186

Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі болып тұрған бұл тақырып облыс орталығында «Мемлекет пен дін ынтымақтастығы – қазақстандық қоғам тұрақтылығының басты кепілі» тақырыбымен өткен облыстық семинар-мәжілістің басты күн тәртібі болды.


Аудандар мен қалалар әкімі орынбасарларының, ішкі саясат бөлімдері басшыларының, бас имамдардың, астаналық, өңірлік теологтардың, дінтанушы ғалымдардың, облыстық дін істері басқармасы мен дін мәселелерін зерттеу орталығы өкілдерінің алдында осыған қатысты ойын ортаға салған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірде осыған дейін жүйелі жұмыстың болмауынан, атқарушы билік пен дін өкілдері арасындағы өзара қарым-қатынас пен байланыстың әлсіздігінен, тиісті діни білімнің жеткіліксіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жоймай отырғандығын жасырмай ашық айтты.


– Ең бастысы, бірлесіп атқарылатын шаруалар жасандылыққа, науқаншылыққа бой алдырмай, жемісті болғаны керек бізге. Теріс пиғылдағы діни ағымдар, діни экстремизмнің біздің қоғамға дендей енуіне жол бермеуіміз қажет. Облыстық басқарма, ондағы дін мәселелерін зерттеу орталығы бұл бағытта негізгі жұмыстарды атқарушы болып келеді. Енді бұл ортақ мақсаттан облыстағы діни бірлестіктер де шет қалмасын. Кәсібилік, білімділік, ағартушылық, құзіреттілік зайырлы мемлекеттің негізгі құндылықтарына айналуы тиіс, - деді облыс әкімінің орынбасары.


Семинарда айтылғандай, облыста былтыр имамдарға арналған аса қажетті курстар өткізіліп, аталмыш олқылықтарды анықтауға айтарлықтай септігін тигізген. Биыл да облыстық «Халифа Алтай» мешітінің базасында қазақстандық жетекші теологтардың, ғалым-дінтанушылардың қатысуымен сондай курстарды тағы да өткізу жоспарланып отыр.


Семинар-мәжілісте күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселе жан-жақты қаузалып, оны шешу жолындағы ортақ ойларымен облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаев, Астана қалалық әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы директорының орынбасары, дінтану ғылымдарының магистрі, теолог Айбек Аташев РhD докторы, теолог Серік Тәжібаев, ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай, Семей өңірі бойынша өкіл имам Мақсат Алтыбай, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Бейбітгүл Шүршітбай, дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Алуа Сабалақова бөлісті.


Жиында жат ағымдардың жетегінде кеткен әрбір жанмен жұмыс істеудің тиімді формасы мен әдістемесін енгізудің өзектілігі айтылып, толеранттылық түсінікті нығайту жолындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы сөз етілді.


Суреттерді түсірген: Тілеубек Шаяхмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив