KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

Өскеменде «Әміре» фильмі тегін көрсетілді

25.04.2018, 17:33 102

Өскемендегі “Юбилейный” кинотеатрында әнші Әміре Қашаубаев туралы отандық жаңа фильмнің тегін көрсетілімі ұйымдастырылды. Оған студенттер, магистранттар, шығармашылық мамандық өкілдері мен зиялылар шақырылған екен.



Драма жанрында түсірілген көркем фильмде қазақтың дүлдүл әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалады. Ол еуропа жұртшылығына қазақтың дәстүрлі әні мен ұлттық аспап домбырасын ең алғаш таныстырған. 36 жасында Парижде өткен ЭКСПО-1925 аясындағы Халықаралық музыкалық байқауда КСРО делегациясының әртісі ретінде қатысып, бүкіл жұртты аузына қаратып, өнерімен тамсандырған еді. Әміренің өмірбаянындағы осы кезең режиссер Джеффри Веспаның кинокартинасындағы оқиға желісіне айналды.



-Бұл керемет тарих, бірегей факті. Халықтық өнердің мәңгі жасайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздім, ал оның құндылығы айрықша, - деп фильмнен алған әсерімен бөлісті ШҚО әкімінің Симфоникалық оркестрінің көркемдік жетекшісі Александр Галсанов. – Бұл біздің тарихымыз, біз оны білуге тиіспіз. Тарихсыз халық болмайды. Ал музыка өнері – халықтың жаны.


Фильмде ойдан құрастырылған сәттер жиі кездеседі, ондағы оқиға толығымен шындыққа негізделген деп айтуға болмайды. «Голливудтық» нұсқада көркемделіп, бояу қосылып түсірілген болса да, көрермен қауымның көңілінен шығып отыр. Өйткені кино өнеріндегі көркемдік қиял режиссердің қалауымен экранға жол тартатыны белгілі. Мұндағы негізге алынған басты ақиқат – ерекше талант иесі Әміренің өнердегі ауыр жолы мен шетелдік өнерпаздардың оны мойындауы болып отыр.



-Фильмде қазақилық жоқ деген пікірлер айтылуда. Бұл жерде түсіне білген адамға оқиғаның арғы жағында бір мағына жатыр. Әміренің Францияда қалмай, Қазақстанға келуі, біздің қанша жерден биік болып тұрсақ та, қанша жерден атақ-мадақ алып жатсақ та, өз елімізді, жұртымызды көркейтуіміз керек деген мағынада айтылған. Сондықтан фильмнің берер тәрбиелік маңызы зор. Әрбір адам оны көріп, қазақи призмадан өткізгеннен кейін ғана өз пікірлерін айтса жөн болады, - дейді кино көрермені, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Берік Кәдіров.

Өскемен халқын қазақтың ірі тұлғаларының бірі, асқан өнер иесі Әміре Қашаубаев туралы фильмді көруге шақырамыз. Ол қазір қаланың кинотеатрларында көрсетілуде.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив